Алматыдағы субұрқақтардың басым көпшілігі ескірген

17 Мамыр 2022, 13:15
1932
Бөлісу:
Алматыдағы субұрқақтардың  басым көпшілігі ескірген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда фонтандар кезең-кезеңімен 25 мамырға дейін іске қосылады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада 60-тан астам коммуналдық субұрқақ бар. Қазіргі сәтте оның 16-сы іске қосылған.

Жалпы, Алматыда 128 фонтан бар, оның 63-і қала меншігінде, ал 65-і жекенменшікте. Субұрқақтар сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Соңғы бес жыл ішінде 13 жаңа фонтан салынған. Алайда қаладағы субұрқақтардың басым көпшілігі 60-80-жылдары салынғандықтан ескірген. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары оларды техникалық жағынан дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Фонтандарды жөндеу, санитарлық тазарту мен тазалау жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.

Қазіргі кезде Орталық мемлекеттік мұражайы жанындағы және ҚБТУ ғимаратының артында орналасқан «Северный» саябағындағы фонтандарға жөндеу жұмыстары жүріп  жатыр. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры алдындағы фонтанның орталық тостағандарын ауыстыру әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет,-дейді қала әкімдігі.

Әрбір фонтанда қауіпсіздікті сақтау мақсатында шомылуға болмайтыны туралы тақтайшалар орнатылған. Өйткені олардың конструкцияларының ішінде электр, суасты жарықтандыру құрылғылары, суасты сорғылар мен тағы басқа жабдықтар бар.

Айта кетейік, фонтанға балаларды шомылдыруға жол бермеу керек. Былтыр Қала циркінің алдындағы фонтанға түскен бала мен анасын тоқ соғып, әрең аман қалған еді. Оларды сол маңдағы адамдар құтқарып қалған.
 

Өзгелердің жаңалығы