Алматы қаласының Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Орталық стадионды жаңғырту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер соңғы жылдары Алматыға әлемдік деңгейдегі жұлдыздар жиі келе бастағанын ескеріп, Орталық стадионда ауқымды жөндеу немесе қайта жаңарту жұмыстары жоспарланып отырғанын сұрады.
Әкімнің айтуынша, бұған дейін стадионды реконструкциялау және көрермен орындарының санын көбейту жобасы қарастырылған. Алайда кейін жаңа стадионның құрылысына байланысты бұл мәселе уақытша тоқтатылған.
Бұрын Орталық стадионды қайта жаңғырту, оның ішінде көрермен орындарының санын арттыру жобасы қаралған болатын. Бірақ қазіргі таңда жаңа стадионның құрылысына байланысты бұл жұмыс тоқтап тұр, – деді Азамат Қалдыбеков.
Ол стадионда ағымдағы жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілетінін айтты. Атап айтқанда, аумақ абаттандырылып, асфальт төселеді және ғимараттың қасбеті ретке келтіріледі.
Сонымен қатар әкім Орталық стадионды кешенді түрде күрделі жөндеу мәселесі де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Алайда мұндай жобаның нақты қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
Қазіргі уақытта бұл мәселе қарастырылып жатыр. Бірақ нақты мерзімін айта алмаймын, – деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, Орталық стадион мен басқа да ірі спорт нысандарының теңгерім ұстаушысы – Алматы қаласының Спорт басқармасы. Сондықтан жөндеу жоспары мен мерзімдері туралы толық ақпаратты аталған ведомство ұсына алады.
Тағы оқи отырыңыз: Алматыдағы 40 қабатты ғимарат салу жоспары тоқтатылды: Инвесторға қандай талап қойылды?