Алматыдағы 40 қабатты ғимарат салу жоспары тоқтатылды: Инвесторға қандай талап қойылды?

2 Қазан 2026, 12:41
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ / Артем Чурсинов 2 Қазан 2026, 12:41
2 Қазан 2026, 12:41
153
Фото: ©️ BAQ.KZ / Артем Чурсинов

Алматының Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жол жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік нысандарға қатысты бірқатар өзекті сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімнің айтуынша, аумағы 73 гектардан асатын Бірінші президент саябағын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезде саябақтағы тоғандардың инженерлік жүйесі толық жаңартылып, 18 мың шаршы метрден астам жабын ауыстырылуда. Жоба бірнеше кезеңмен іске асырылып, саябақты 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Азамат Қалдыбеков мұндай ауқымды нысанды бір құрылыс маусымында толық жаңарту мүмкін емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, жұмыстар кезінде саябақтың табиғи экожүйесі мен жасыл желегі сақталуы тиіс.

Сонымен қатар Есентай өзені мен Үлкен Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталған. Қазір нысандарды мемлекеттік қабылдау рәсімі жүріп жатыр. Әкім мердігер ұйымдар кепілдік міндеттемелері аясындағы барлық кемшілікті өз қаражаты есебінен түзетпейінше, соңғы қабылдау актісіне қол қойылмайтынын айтты.

Сондай-ақ Абай даңғылының оңтүстігінде жоспарланған тұрғын үй құрылысы жобасы талқыланды. Әкімнің сөзінше, инвестор ұсынған 40 қабатты тұрғын үй кешенінің бастапқы нұсқасы мақұлданбаған.

Қала билігі құрылыс параметрлерін Бас жоспар талаптарына сәйкестендірген. Бұған қоса, құрылыс компаниясы өзіне жүктелген әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттемелерді орындауы тиіс.

Инвестор балабақша салу, ашық қоғамдық кеңістік құру және іргелес инженерлік желілерді өз қаражаты есебінен жаңарту бойынша міндеттемелерін орындамайынша, құрылыс жұмыстары басталмайды. Ал ғимараттың қабаттылығы қолданыстағы Бас жоспар талаптарына толық сәйкес болуы қажет. 40 қабатты жоба нұсқасы қабылданған жоқ, – деді аудан әкімі.

Наверх