Алматы қаласындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хостелдегі өрттің шығу себептерін тексеру үшін министр генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына аттанды.
Алдын ала мәліметтер бойынша өрт ошағы жертөленің дәлізінде болған.
Өрт орнында Алматы қаласы ТЖД өрт сынау зертханасының анықтаушылары мен мамандары жұмыс істеуде. Бұл объект бір жарым ай бұрын хостел ретінде қайта жабдықталған. Хостелдің ауданы 457 шаршы метрді құрайды. Алматы қаласы ТЖД өрттің осы фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Ақпарат түсуіне байланысты толықтырылатын болады. Ресми дереккөздерге сілтеме жасауларыңызды сұраймыз, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңертең Алматыда орналасқан хостелдердің бірінен өрт шығып, 13 адам көз жұмды. Белгілі болғандай хостелдің іске қосылғанына не бәрі 1,5 ай болған. Онда шетел азаматтары тұрған.
Қазір Алматыдағы өрттің шығу себептерін тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Сонымен қатар өрттен қаза болған адамдардың жеке басы анықталды.