Алматыдағы көкнәр алқабына қалай баруға болады

16 Мамыр 2024, 14:22
457
Бөлісу:
Алматыдағы көкнәр алқабына қалай баруға болады
Фото: dots_foto

Әлеуметтік желілерде алқызыл түске боялған гүлдердің Алматы тауларымен үндескен сүреттері көпшілікті сүйсінтті. Аталған алқапқа қызыға қарап, қалай баруға болатынын білмей жүрген туристер де бар. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі көкнәр алқабы жайлы тоқталып өтпек. 

Алматы маңайында бүр жаратын көкнәр кілемі мамыр айында жайқалады. Мамандардың айтуынша, көкнәрдің гүл ашып тұратын уақыты қысқа. Сол себептен оларды жыл мезгілдерінің ішінде көктемде ғана көруге болады. Дала гүлдерін көпшілігі есірткі өсімдігімен шатастырады. Бұл егістік алқаптарда, тау жоталарында өсетін жабайы көкнәр тұқымдасының қызылтаңдай (ремерея) деген түрі. Сондықтан оны қолдан будандастырылған мәдени түрі - апиын көкнәрімен шатыстырмау қажет. 

Алқапқа қалай баруға болады?

Қазір әлеуметтік желілердегі көкнәр алқаптарынан түсірілген суреттер көпшіліктің қызғушылығын тудыруда. Туристер көктемгі көріністі түсіруге асығып жүр. Көкнәр алқабы қалаға жақын жерде – Алматының орталығынан көлікпен шамамен бір сағаттық жерде орналасқан. Мәселен, Құлжа тасжолының бойында егістік алқаптар бар. Мұнда сіз өзіңіздің фотосуреттеріңізді таулардың тамаша көріністерімен түсіре аласыз. Сондай-ақ Алматыдан солтүстікке қарай Қонаев тас жолының бойында Байсерке ауылының маңында көкнәр алқаптары Іле Алатауының тауларына қарайтын жерлерде орналасқан. 

Көкнәр алқабы мамырда гүлдейді 

Алқызыл гүлдермен суретке түсуді жоспарласаңыз, асығуыңыз қажет. Себебі бұл гүлдер белгілі бір уақытта гүлдеп, түйін тастайды. Биолог Владислав Якушкин көкнәрдің екі апта ғана гүлдейтінін атап өтті. 

Көкнәр мамыр айының басынан ортасына дейін гүлдей бастайды. Алқап ұзақ уақыт гүлдемейді. Гүлдену кезеңі ауа райына байланысты шамамен екі аптаға созылады. Егер ауа райы ылғалды және жылы болса, бұл кезең одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Көктемгі ауа райын бақылау уақытты дәл анықтауға көмектеседі: күндіз және түнде температура неғұрлым төмен болса, соғұрлым гүлдер кейінірек күш алады. Кейде көкнәр алқаптары маусымның басында ғана гүлдейді, – дейді биолог. 

Сол себептен алқапқа баруды армандап, қалап жүрген жандар болса, мамыр айының аяғына дейін келіп, табиғаттың сұлулығын тамашалап үлгеруі қажет. 

Көкнәр қандай өсімдік?

Көкнәрдің елімізде далалы, шөлейт және таулы аудандарда тараған 11 түрі бар. Ал әлемде 100-ге жуық түрі бар екен. Көкнәрдің биіктігі 20 – 90 см. Сабағы жіңішке, түкті жапырағы жалпақ, гүлдері ақ, сары, қызыл қызғылт, гүл сағағы ұзын, олар шар тәрізді гүлшоғырына топталған. Жемісі – көп тұқымды қауашақ. Көкнәрда сүт тәрізді ақ шырын болады. Сондай-ақ республикада тоты көкнәрін бояу өндірісінде пайдаланады. Көкнәрдің ұйқысыздықтан құтқаратын белгісі ертеде-ақ белгілі болған. Сол себепті кезінде сүтке немесе тағамға көкнәр дәнін қосып, баланы тыныштандыру үшін пайдаланған.

Көкнәр алқабын таптағандар жазаланады

Осы ретте, алқапты таптап, гүлдерді бей-берекет жұлғандар жазаланып, белгілі бір мөшелдерде айыппұл арқалайтынын атап өткеніміз жөн. Өткен жылы Алматы маңындағы көкнәр алқабында жүрген BMW көлігі көпшіліктің ызасын тудырып, ҚР Қылмыстық кодексiнің 339-бабы бойынша жазаланған еді. Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысқандар заң алдында жауап береді. Сол себептен суретке түсеміз деп табиғатты таптамауға, заңды бұзбауға шақырады мамандар.
 

Өзгелердің жаңалығы