Алматыдағы "Ерменсай" шағынауданындағы су тарифі екі есе қымбат болған

22 Мамыр 2024, 09:18
394
Бөлісу:
Алматыдағы "Ерменсай" шағынауданындағы су тарифі екі есе қымбат болған
Фото: скрин

"Водснаб ГПВ" ЖШС жеке жеткізушісінің салғырттығынан 20 мыңнан астам тұрғын ауыз судан қағылып, зардап шеккен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Күні кеше Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин сумен жабдықтауда қиындыққа тап болған шағынаудан тұрғындарымен кездескен еді. Аталған аумаққа су беріліп, жағдай шешілген. 

 Алматының жоғарғы бөлігін сумен қамту мәселесін шешу үшін "Ерменсай" су жинау және су дайындау станциясы салынады. Алматының Бостандық ауданындағы оңтүстік бөлігінің тұрғындары жеке жеткізушінің кесірінен жиі-жиі сусыз қалады. Сорғылар жиі істен шығады, өйткені компания жабдықтар мен желілерді қайта құруға ақша шығармайды. Инженерлік желілерді салу кезінде "Водснаб ГПВ" ЖШС құрылыс нормаларын өрескел бұзған: төсеу тереңдігі төмендетілгендіктен (1.0 метрден аз) қыста су құбыры қатып қалды. Сонымен қатар құбырлардың гидроизоляциясы жоқ, су құбыры мен кәріз бір траншеяда электр желілерімен қиылысады, желілерді бақылау схемалары жоқ, бекіту арматуралары ақаулы күйде. Бұл ретте, компания тұтынушылардан суды пайдаланғаны үшін қомақты қаржы алып келеді – сумен жабдықтауға арналған тариф жалпықалалық тарифпен салыстырғанда 75%-ға, ал кәріз қызметі екі есе қымбат, - дейді Алматы қаласының әкімдігі.

Естеріңізге сала кетейік, ауданның оңтүстік бөлігі бір кездері Алматы облысының аумағы болған. Қалаға қосылған соң да қордаланған мәселелер, соның ішінде сумен жабдықтау түйткілдері, бәз-баяғыша қалған.

Мәселені кешенді шешу үшін қала әкімдігі заңда белгіленген нормалар аясында бұрынғы "Орхан" ЖШС желілерін коммуналдық меншікке беру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Компанияны жауапкершілікке тарту мәселесі құқық қорғау органдарының бақылауында. Алматы қаласының әкімдігі осы ауданда бюджет қаражаты есебінен желілер мен құрылыстар салу арқылы қызметтерді орталықтандыру туралы шешім қабылдады, - дейді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Еске сала кетейік, "Ерменсай" шағынауданының тұрғындары эвакуациялық пункттерге көшіруді талап еткені жайлы жазған едік.

Бұған дейін де Алматының 20 мың тұрғыны бір апта бойы сусыз отырғанын жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы