Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан, бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй ғимаратының сүріліп жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желі қолданушылары ғимарат маңынан түсірілген кадрларды жариялап, нысанның болашағына алаңдаушылық білдірген.
Алматыдағы ең әдемі ғимараттардың бірі сүріліп жатыр. Осы күйі пайдаланылмай қалды, – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Алайда Алматы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, бұрынғы қонақүй ғимараты бұзылып жатқан жоқ.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, нысан ұзақ уақыт бойы қанағаттанарлықсыз жағдайда болған. Қазір онда кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ғимараттың қасбеті мен терезе ойықтары қалпына келтіріліп, ішкі бөлмелер жөнделуде. Сонымен қатар аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Жоба аясында ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, кейін пайдалануға беру жоспарланған.
Инвестор ретінде «LeanQor» ЖШС қатысуда. Өз кезегінде «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жөндеу жұмыстарын жүргізу және нысанды қайта іске қосу үшін ғимаратты жобаға ұсынған. Барлық жөндеу және өзге де қажетті жұмыстар инвестордың жеке қаражаты есебінен қаржыландырылмақ.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл жерде Алматы IT-хабын құру жобасы жүзеге асырылады. Бастама Мемлекет басшысының IT және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, мамандар даярлау және осы саладағы құзыреттерді арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған.
Қалада заманауи технологиялық нысандарға сұраныстың жоғары болуына байланысты бұрын жеке меншікте болған және бос тұрған ғимаратты бұзбай, жаңа мақсатта пайдалану туралы шешім қабылданған.
Жоба аяқталғаннан кейін ғимарат пен оған тиесілі жер телімі Алматы қаласының Цифрландыру басқармасына беріледі деп жоспарланып отыр.
Болашақта бұл нысан цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, сондай-ақ IT, AI, креативті индустриялар және өзге де технологиялық бағыттарда жұмыс істейтін резиденттерді орналастыруға пайдаланылмақ.