Алматыдағы бес көмір базасы жыл соңына дейін көшіріледі

Көмірдің негізгі тұтынушыларының басым бөлігі Алматы облысының тұрғындары.

1 Қазан 2026, 14:25
АВТОР
 ©️ ЖИ: BAQ.KZ 1 Қазан 2026, 14:25
1 Қазан 2026, 14:25
101
Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматының Түрксіб ауданында орналасқан бес көмір базасы биылғы жылдың соңына дейін жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта Түрксіб ауданында бес көмір базасы жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты биыл маусым айында көмір базаларының иелерімен арнайы кездесу өткізілген.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге көмір базаларын Алматы облысының аумағына көшіру ұсынылды. Өйткені көмірдің негізгі тұтынушыларының басым бөлігі Алматы облысының тұрғындары болып отыр, – деді Дамир Әкежанов.

Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша бірқатар мемлекеттік органдарға да хат жолданған.

Көмір базаларының рұқсат құжаттарын қайта қарау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, экология департаментіне және Алматы қаласының тиісті басқармаларына хаттар жіберілді, – деді аудан әкімі.

Дамир Әкежанов бүгінде көмір базаларын көшіру жұмыстары бақылауда екенін атап өтті.

Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін көмір базалары толық жабылады, – деді ол.

Наверх