Алматыдағы автобус апаты болған “Қалқаман” аялдамасына барып, Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі куәгерлер және жолаушылармен тілдесіп қайтты.
Айта кетейік, 22 желтоқсан күні «Қалқаман» ықшамауданына қарасты аялдамада ірі жол апаты болған еді. 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізуші әйелді ұрып, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалды. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар № 7 қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылған еді.
Тұрғындардың айтуынша, бұл маңайда шеткі аймақтан келетін адамдардың көптігіне байланысты көлік тоқтату үшін адамдар жол жиегіне шығып кететін көрінеді.
Ең қарбалас уақытта жүрмеуге тырысамын. Себебі аялдамада адамдардың саны көбейіп, автобусқа сыймай қаламыз. Кейбірі көлік тоқтатады, ол үшін жол жиегіне шығады. Сондай сәтте жүк көліктері, жеңіл көліктер адамдарға сигнал беріп, жол жиегіне тұрмауын өтінеді. Ал егер адам көп болса, оларды сырт айналып өтеді. Сол себептен болар, халық мұндай жағдай болатынын күтпеді. Бұл жолды тоғыз жолдың торабы десем, артық айтпағаным. Шамамен 20-дан астам автобус жүреді. Десе де, бұл да халыққа жеткіліксіз. Менің жұмысым сыртта болғандықтан, автобуспен жиі жүремін. Туыстарым мен жақындарым да әлгі жағдайдан кейін абай болуымды өтінеді. Меніңше, әйелге қол көтеріп, оны естен танғанша ұрған адам жазасын алу керек. Осындайдан кейін ғана жолаушылар тәртіпке бағынар еді, - дейді қала тұрғыны Кристина Врачинка.
Ал қоғамдық көлікте жол ақысын тексеретін “Оңай” қызметкерлері халықтың жол жүру мәдениеті қалыптаспағанын атап өтті.
Қаламызда «ONAY» жүйесінің енгеніне 5 жыл болды дегенмен, кейбірі әлі күнге дейін бізді көрсе айқайлап, «неге тексере бересіңдер, ақшамызды тексерген сайын аласыңдар, қайта-қайта тексермеңдер, ақыны төлеуді өзім білем» дегендей шағымдарын айтады. Осыны көріп отырып, халықтың жол жүру мәдениеті толық қалыптаспағанын байқаймыз. Жолаушыларға жолақысын төлеп, белгіленген автобус аялдамасында түсу керектігін ұғындыру қиынға түсіп жатыр. Мәселен, кешегі қайғылы оқиғаның болуына да осы мәселе себепші. Жолаушы сабырлық сақтап, жүргізушіге қол көтермеу керек еді. Себебі біз де адамбыз, біз де шаршаймыз, күн сайын әр адамнан сөз естуді қаламаймыз. Сол себептен адамдар қоғамдық көлікпен жүргендіктен, тәртіпке бағынуы тиіс. Өзгелерге құрмет көрсетуді үйренуі керек, - дейді «Оңай» жүйесінің тексерушілері.
Ойда жоқта қайғылы оқиғаның куәгері болған саударгер автобус апатынан кейін жұмысқа шығу қиын болғанын айтты.
Барлығы күтпеген сәтте болды. Ол кезді еске алсам, денем түршігеді. Көз алдымызда тірі тұрған адамдар қас пен көздің арасында қаза тапты. Олардың жанайқайын да естіп үлгермедік, бәрі лезде болды. Бұл жағдайдан кейін саудаға шығуға қорқып қалдық. Дегенмен күндік асымызды тауып отырғандықтан, қорқып отыра беру жарамас дедік. Бұндай сәттің куәгері болу мен үшін өте қиын болды, - дейді жергілікті саудагер.
Бұл ретте қайғылы оқиғаның куәгерлерін сөзге тарту қиын болғанын айта кетейік. Себебі адамдардың көпшілігі бұл оқиғаны еске түсіргісі келмейтінін айтып бас тартты.
Еске сала кетсек, Алматыдағы "Қалқаман" аялдамасындағы автобус апатынан 7 адам зардап шекті, 3 адам қаза тапқан болатын. Сонымен қатар, автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам 2 айға қамауға алынды. Сондай-ақ зардап шеккендердің жағдайы қандай екенін жазған болатынбыз.