Алматыдағы адам өлімімен аяқталған жол апаты: 25 млн теңге өтемақы дауына кәсіпорын неге тартылды?

Екі жүргізуші кінәлі деп танылып, 25 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда автобустың иесі жауапкершіліктен тыс қалған. Енді іс қайта қаралады.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 15 Қазан 2026, 10:41
15 Қазан 2026, 10:41
106
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматыда қызметтік автобус пен мопедтің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан адам қаза тапты. Сот екі жүргізушіні кінәлі деп танып, жәбірленушінің пайдасына 25 млн теңге моральдық зиянды өтеуді міндеттеген. Алайда автобустың иесі болған кәсіпорынның жауапкершілігі ескерілмеген. Бас прокуратураның наразылығынан кейін іс қайта қарауға жіберілді.

Сот жүргізушілерден 25 млн теңге өндіріп алуды міндеттеген

Бас прокуратураның мәліметінше, Алматы қаласында қызметтік көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы адам өліміне әкелген.

Істі қарау нәтижесінде сот И. және К. есімді жүргізушілерді кінәлі деп танып, жәбірленушінің пайдасына 25 млн теңге көлемінде моральдық зиянды ортақ тәртіппен өндіру туралы шешім қабылдаған.

Алайда істі зерделеу барысында жоғары қауіптілік көзінен келтірілген зиян үшін жауапкершілік тек жүргізушілерге жүктелгені анықталды. Ал автобустың иесі болған серіктестік азаматтық жауапкер ретінде танылмаған.

Кәсіпорынның жауапкершілігі қайта қаралады

Заң талаптарына сәйкес, жоғары қауіптілік көзі арқылы келтірілген зиян үшін оның иесі де заңда көзделген тәртіппен жауапкершілік көтеруге тиіс. Бұл жағдайда кәсіпорын өз қызметкерлерінің әрекеттерінен туындаған зиян үшін де жауапты болуы мүмкін.

Осыған байланысты Бас прокуратура сот актілеріне наразылық білдірді.

Нәтижесінде кассациялық сот азаматтық талап қою бөлігі бойынша сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберді. Қайта қарау барысында сотталғандар мен заңды тұлғаның материалдық жауапкершілігінің мөлшері айқындалуға тиіс, - деп хабарлады Бас прокуратура.

Осылайша, қайғылы жол апатына байланысты моральдық зиянды өтеу мәселесі қайта қаралады. Кәсіпорынның жауапкершілігі мен тараптар арасында өтемақы міндеттемелерінің қалай бөлінетіні жаңа сот қарауы кезінде шешіледі.

Тағы оқи отырыңыз:

Наверх