Ақтөбеде 5 мың орындық спорт кешенінің құрылысы басталды

Нысанды 2028 жылдың ақпан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 istockphoto.com 29 Қараша 2026, 09:11
29 Қараша 2026, 09:11
155
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде 5 мың көрерменге арналған ірі спорт кешенінің құрылысы басталды. Жоба «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Нысанның құрылысына Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы 31 мың шаршы метрді құрайды. Кешен заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мұнда спорттың бірнеше түрімен айналысуға жағдай жасалады.

Бас аренада облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Ғимаратта футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, гимнастика залдары, сондай-ақ әлемдік стандарттарға сай келетін ұзындығы 50 метрлік бассейн болады.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, құрылыс алаңында бастапқы кезеңде 50 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыс ауқымы кеңейген сайын жұмысшылар санын 200-ге дейін арттыру жоспарланған.

Спорт кешенінің құрылысын аяқтап, оны 2028 жылдың ақпан айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Наверх