12-13 қыркүйек күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші театр маусымын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы желісімен сахналанған «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл қойылым театр тарихында алғаш рет қазақ әдебиетінің көрнекті туындысын заманауи балет тілі арқылы жаңа қырынан таныстыруымен ерекшеленеді.
Спектакльдің бас демеушісі – Тимур Құлыбаевтың «HALYK» қайырымдылық қоры.
Фото: Сымбат Сатыбалдина / BAQ.KZ
Қойылымның шығармашылық құрамында қазақстандық және шетелдік мамандар еңбек етті.
Фото: Сымбат Сатыбалдина / BAQ.KZ
Балеттің музыкасын композитор Аружан Октябрь жазса, хореограф-қоюшысы – Германиядан келген Аршак Галумян. Либретто авторы – Шынар Омарова. Қойылымның сценографиясын италиялық Элеонора Перонетти әзірледі.
Фото: Сымбат Сатыбалдина / BAQ.KZ
Қойылымның өзегінде тарихи өзгерістер кезеңіндегі адам тағдыры, әсіресе әйелдің ішкі әлемі, махаббаты, үміті, таңдауы мен жан күйзелісі көрініс табады. Балетте кейіпкерлердің сезімі сөз арқылы емес, пластика, қимыл, ишара және музыка арқылы жеткізіледі.
Бұл – әйел тағдыры мен әйел таңдауы туралы өте драмалық балет оқиғасы. Осы қойылым арқылы біз ұлттық болмысымызды сақтай отырып, заманауи көрерменмен қазіргі тілде сөйлесетін заманауи классиканы ұсынғымыз келеді. Әрине, бұл біздің театр үшін ерекше жаңалық. Театрдың 93 жылдық тарихында алғаш рет пластикалық заманауи балет сахналанып отыр. Балеттің музыкасын жас композитор Аружан Октябрь жазды. Қоюшы-хореографы – Аршак Галумян. Ең алдымен, бұл спектакльден режиссер Аршак Галумянның өзіндік қолтаңбасы айқын байқалады, – дейді Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Айнұр Көпбасарова.
Фото: Сымбат Сатыбалдина / BAQ.KZ
«Ақбала» тарихи кезеңнің аласапыранында қалған адамдардың тағдырын, Арал өңірінің қасіретін, махаббат пен аналық сезімді, адам мен заман арасындағы күрделі байланысты арқау етеді. Қойылымда теңіз, ана болу, қираған шаңырақ және біртіндеп жоғалып бара жатқан өмір бейнелері маңызды символдарға айналып, тұтас бір дәуірдің драмасын ашады.
Қойылымның хореограф-қоюшысы Аршак Галумян Қазақстандағы театрлардың репертуары өте бай екенін атап өтті.
Классикалық қойылымдардың барлығы дерлік бар, бұл жағынан Қазақстанның мәдени мұрасы ерекше. Алайда заманауи би өнері әлі де болса көрерменге толықтай жақындай қойған жоқ. Сондықтан біздің басты мақсатымыздың бірі – осы оқиғаны көрерменге барынша түсінікті әрі табиғи түрде жеткізу болды. Олар спектакльді тамашалау кезінде ешқандай жайсыздық сезінбей, оқиға әлеміне еркін еніп кетсе дедік, – дейді ол.
Фото: Сымбат Сатыбалдина / BAQ.KZ
Аршак Галумян,ең маңыздысы – оқиғаның өзін көрсету емес, оның ішіндегі сезімдерді жеткізу екенін айтады.
Яғни, тарихтан туындайтын эмоциялар мен жан күйзелісін ашып көрсету. Бұл сезімдерді ойнап шығу емес, дене қимылы арқылы беру маңызды болды, өйткені балет – дене тілі. Осыған байланысты атмосфераға, музыкалық шешімдерге көп көңіл бөлдік. Музыканы бірнеше рет қайта қарап, декорацияларды өзгерттік. Бірақ негізгі мақсат өзгерген жоқ – адамдардың сол кезеңде бастан кешкен сезімдерін, сол оқиғаның эмоциялық әсерін көрерменнің жүрегіне жеткізу. Біздің алдымыздағы басты міндет осы болды, – дейді шетелдік маман.
Премьера отандық хореография өнерінің көрнекті өкілдері – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері Людмила Рудакова мен Эдуард Мальбековтің жарқын рухына арналады.
«Ақбала» спектаклі мәдени мұраны сақтаумен қатар, оны жаңа көркемдік тілде қайта пайымдауға бағытталған жоба ретінде ұсынылады. Қойылым арқылы көрерменге адам тағдыры, әйел болмысы және уақыт туралы терең ой хореография өнері арқылы жеткізілмек.