Алматыда ЖРВИ 3 есе өсті

29 Желтоқсан 2021, 12:58
1100
Бөлісу:
Алматыда ЖРВИ 3 есе өсті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бері  ЖРВИ-дің 114 679 жағдайы тіркелді, өткен жылы 36 325 жағдай болған.

Бұл туралы Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов айтты.

Оның айтуынша, биыл қалада тұмаудың H3N2 нұсқасы 48 адамда анықталған. Күзде 174 373 адам тұмауға қарсы вакцина алған, оның ішінде 161 495 адам екпені бюджет есібінен тегін салдырған.

Қазір қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алматы «жасыл» аймақта. Жыл басынан бері 164 775 адам КВИ-мен ауырды. Өткен тәулікте коронавирус 52 адамнан анықталды. Ұжымдық иммунитет 59 пайызға жетті. Оның ішінде коронавиурсқа қарсы вакцинаның 2 компонентін алғандар 50,7%, қалған 8,3 %-ы ауырып, жазылғандар,-деді ол.

Сонымен қатар ол өткен аптада коронавирус жұқтырғандардың 75,7%-ы 20 жастан асқан тұрғындар екенін жеткізді.

Өткен аптада мекеме жұмысшылары арасында вирусты жұқтыру жағдайы өскен, мәселен ЖШС, ЖК жұмысшылары арасында жұқтыру 21 пайыздан 25%-ға дейін, зейнеткерлер арасында 20-дан 24 пайызға дейін өскен. Дегенмен, студенттер арасында вирусты жұқтыру 3%-дан 2,4%-ға дейін төмендеген, ал оқушылар арасында 11-ден 6%-ға азайды,-деді Байғабылов.

Сонымен қатар ол вирус жұқтырған оқушылардың 94%-ы індетті сыныптан емес, отбасында жұқтырғанын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы