Алматы әкімдігі «Жолаушыларды тұрақты әлеуметтік маңызы бар тасымалдау тарифтерін белгілеу туралы» қаулы дайындады. Аталған құжат 21 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осылайша, құжатта Алматы қаласы бойынша жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау тарифтерін төлеу әдісіне қарай келесі мөлшерде белгілеу ұсынылды:
- ұялы байланыс операторының қызметтері немесе көлік картасы немесе жол жүруге арналған мобильді қосымша арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасау үшін – 100 теңге;
- жол жүру ақысын қолма-қол төлеу кезінде – 200 теңге.
Қазір Алматыда қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз төлеу тәсілімен төленген кезде 80 теңге мөлшерінде белгіленген. Тариф құнының мөлшері 2012 жылы белгіленген және бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз қалады. 2017 жылдан бастап қолма-қол ақшамен төлеген кезде жол жүру құны 150 теңге мөлшерінде белгіленді.
Соңғы 11 жылда тасымалдаушылардың шығындары барлық бабы бойынша құны айтарлықтай өсті. Мысалы, дизель отынының құны 90 теңгені құраған, ал бүгінгі күні 295 теңгені (+328%) құрайды, газдың құны 33 теңгені құраған, ал бүгінгі күні 108 теңге (+327%) мөлшерінде белгіленген. Автобустардың құнын қоса алғанда, қалған шығындар бойынша да осындай жағдайда. Бұл шығындар тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау көлемінде тікелей көрсетіледі. Мәселен, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе, 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі бекітілген тарифке сәйкес шамамен 85,5 млрд теңгені құрады.
Қоғамдық көліктегі тарифтің қолданыстағы құны сақталған жағдайда субсидиялау мөлшері жылдан жылға ұлғаятын болады. Бұл жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіретін болады.
Биыл тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес тарифтің орташа құны 425 теңгені құрайтынын атап өткен жөн.
Осыған сәйкес 2023 жылы тарифтің құнын қайта қарау және қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңге мөлшерінде белгілеу қажеттілігі туындайды. Осындай жағдайда субсидиялаудың болжамды көлемі 2023 жылы 10 млрд теңгеге қысқарады.
Айта кетейік, Астанада тарифтің құны 90 теңге және 180 теңге, ШҚО – да – 90 теңге және 130 теңге, Жамбыл облысында – 85 теңге және 130 теңге, Қостанай облысында - 100 теңге және 170 теңге мөлшерінде белгіленген.