26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында қайғылы жағдай болды. Жеке үйден өрт шығып, бес адам оқиға орнында қаза тапты. Оқиға қалай болған? Жергілікті тұрғындар не дейді? BAQ.KZ тілшісі материалында.
Қазіргі уақытта өрт болған аймақ қоршауға алынған. Полиция, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметкерлері оқиға орнында жүр.
Полиция қайғылы оқиға болған жерге жергілікті тұрғындарды да, журналистерді де кіргізбеді. Себебі оқиға орны толық зерттеліп, сараптама жүргізілуі қажет.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл жерде 1 бөлмелі 10 пәтерді бірнеше отбасы жалға алып тұрған. Қаза тапқан адамдар да пәтерді жалға алып тұрған адамдар болған.
Пәтерлердің бірінде үй жалдап тұрған Анар Тұрғанбаеваның сөзінше, ол таңғы сағат төртке жуық уақытта отбасын оятқан.
Ол оянған кезде терезе сыртында жалын лапылдап жанып жатқанын айтады. Ол бірден жақындарын оятып, сыртқа шығу үшін есікті ашқан. Алайда дәлізді қою түтін басып қалған.
Дем алу мүмкін болмады. Сондықтан есікті қайта жауып, кімнің үстінде не болса, сол күйі терезеден сыртқа шықтық, – деді Анар.
Тағы бір куәгердің сөзінше, мұнда жалдамалы пәтерден бөлек монша болған көрінеді.
Өзім бұл жерде 40 жылдай тұрдым. Пәтерлердің иесі Айдын деген жігіт еді. Ол бірнеше үйді жалға беретін. Пәтердің бәрі газбен жылы беріліп отырған, - дейді куәгер Мұса Жұмағалиев.