Алматыда жастарды әскер қатарына есепке қою жұмыстары жүргізіліп жатыр

3 Ақпан 2021, 16:39
1820
Бөлісу:
Алматыда жастарды әскер қатарына есепке қою жұмыстары жүргізіліп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 17 жасқа толған жастарды әскерге шақырту учаскесіне тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, полковник Фархат Құрманғажинов онлайн брифинг барысында айтты. 

Полковниктің айтуынша, Алматыда жастарды әскерге тіркеу науқаны 11 қаңтардан басталған және оған үш ай уақыт берілген. 

Әскерге тіркеу аясында 7 мыңдай азамат қамтылмақ. Тіркеу жұмыстары санитарлы-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып іске асырылуда. Медициналық тексеріс жүргізу бөлімі күніне кем дегенде екі рет дезинфекцияланады. Әскерге тіркеуге 17 жасқа толған азаматтар шақыртылады, - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол көктемгі әскерге шақырту бойынша 1,5 мың адам әскер қатарына қабылданатынын жеткізді. 

2020 жылы көктемгі және күзгі шақыртылым бойынша қалада 3 100 адам әскер қатарына алынды. Олар Шекара қызметіне, Қарулы күштерге, Ұлттық гвардия қатарына жіберілді. Біз негізінен осы үш әскери бағыт бойынша жұмыс істейміз, бірақ жақында мемлекеттік күзет қызметіне тапсырыс келді. Бұл Алматыға деген үлкен сенім,-дейді Фархат Құрманғажинов. 

Оның айтуынша, жастар әскерге қабылданысымен ПТР тесттен өтеді. Өткен жылы Алматыда сарбаздардың ешқайсысы коронавиурспен ауырмаған, бұл сақтық шараларының дұрыс жолға қойылуынан дейді полковник.

Әскерге қабылданатын жастардың денсаулығына көп мән береміз. Денсаулығында ахауы бар жастар жіберілмейді, ертең әскерге жарамай қайтып келіп жатса бізге абырой әкелмейді. Сондықтан медициналық тексерістен өткен азаматтар ғана әскер қатарына қабылданады,-дейді ол.


Өзгелердің жаңалығы