Алматыда жас жұбайлар аллеясы ашылды

18 Сәуір 2024, 01:37
206
Бөлісу:
Алматыда жас жұбайлар аллеясы ашылды
Фото: gov.kz

Алматыда Құлагер шағын ауданы тұрғындарының сүйікті серуендеу орны – "Гүлдер" саябағында "Жас жұбайлар аллеясы" салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мегаполис әкімдігінің мәліметінше, іс-шара "Алматы – біздің ортақ үйіміз" науқаны мен Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күні аясында өтті.

Бақыттан басы айналған жастар саябақта Мендельсонның шеруі аясында тіркелді, жас отбасыларға ақсақалдар бата берді. Жас жұбайлар аллеясының ашылуына арнайы шақырылған қазақстандық эстрада жұлдыздары мерекелік кештің көрігін қыздырды.

Күйеуім Юрий екеуміз 17 сәуірде кездестік, дәл осы күні тіркелдік. Туыстарымызбен некемізді тіркеуге келдік, біздің одақтың белгісі ретінде ағаш отырғызуды ұсынған кезде таң қалдық, - деді қуанышы қойнына сыймаған салтанатты шараға қатысушылардың бірі Татьяна Степанова.

Алматыда 2023 жылы 16 мыңнан астам неке, 2024 жылдың бірінші тоқсанында 4399 неке, ал 15 сәуірде "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" күні 92 неке тіркелген.

Бұған қоса, мұнда "Гүлдер" саябағында жас жұбайлар мен іс-шараның басқа қатысушылары 30-ға жуық жапырақты қарағаш көшетін отырғызды. Барлық қажетті құрал-жабдықты (қолғап, күрек және көшет) Жетісу ауданының әкімдігі ұсынған.

Бүгін ерекше күн, некемізді тіркеу мұндай болады деп ешқашан ойлаған емеспіз. Керемет әсер алдық, айтулы күннің құрметіне ағаш отырғыздық. Отасқандарына 50 жыл болған ата-апамыз бізге бақыт тілеп, бата берді. Осындай мереке үшін рахмет, біз бұл күнді ешқашан ұмытпаймыз!, - деді күйеу жігіт Айдын Әбдірайымов.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.

Өзгелердің жаңалығы