Алматыда өрт сөндіру көлігі мен Toyota Camry соқтығысып, жеңіл көліктің жүргізушісі көз жұмды. Жол апаты Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында, «Атакент» маңында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өрт сөндіру көлігі Тимирязев көшесімен шақыртуға бара жатқан. Ол бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, қиылысқа кірген. Сол кезде Toyota Camry көлігі жасыл түске өтіп бара жатқан.
Соқтығысқаннан кейін өрт сөндіру көлігі Toyota Camry-ді ондаған метрге дейін сүйреп кеткен. Екі көлік те жолдан шығып, бағдаршамды қиратып, арықтың жанына барып тоқтаған.
Өрт сөндіру көлігі жарық бағанына соғылып тоқтаса, Toyota Camry гүлзарға қарай ұшып кеткен. Соққыдан жеңіл көлік қатты мыжылған.
Toyota Camry жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Ол көлікте жалғыз болған. Құтқарушылар марқұмның денесін көліктен шығару үшін арнайы жұмыс жүргізген.
Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың қалай болғанын анықталуда.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзенде екі көлік соқтығысып, 4 адам зардап шеккені хабарланды.