Алматыда вакцина алғандар тауар мен қызмет түрін жеңілдікпен ала алады

25 Мамыр 2021, 09:47
3287
Бөлісу:
Алматыда вакцина алғандар тауар мен қызмет түрін жеңілдікпен ала алады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бостандық ауданы әкімдігі мен «Атамекен» Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Бостандық аудандық филиалы, мамыр айының 25-нен бастап «QAMQOR» акциясын бастады.

Акция аясында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алған қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіпкерлер тарапынан сан түрлі тауар мен қызметтерге жеңілдіктер жасалады.

Кәсіпкерлер палатасының Бостандық аудандық филиалының директоры Тынышқали Сәбен бұл акцияға қазір 9 кәсіпкерлік субектісі қолдау көрсеткенін айтып өтті.

Әлемдік пандемия қазір ешкімді аяп жатқан жоқ. Акцияға қатысып жатқан кәсіпкерлер де өз жақындары мен туыстарын бұл індеттен құтқарғысы келеді. Сонымен қатар олар халықты вакцина алуға ынталандырып, коронавируспен күреске өз үлесін қосып отыр. Осы сәтте аудандағы 9 кәсіпкерлік субектісі өз келісімін берді, тағы жиырмасы өз арасында жеңілдік пайызын ақылдасып жатыр. Сондықтан акцияны қолдайтын кәсіпкерлер саны жақын арада тағы көбейеді, -   дейді ол.

Сонымен қатар ол бұл акция әзірге бір ай көлемінде жүргізілетінін айтты.

Тұрғындар акцияға қатысып жатқан орталыққа барғанда вакцина алған паспортын көрсетсе жеткілікті, оларға жеңілдік жасалады. Бұл акцияны біздің аудан бірінші болып енгізді, алдағы уақытта қала бойынша, тіптен республикалық деңгейде қолдауы да мүмкін. Қазір Еуропа елдерінде халықты вакцина алуға шақыратын түрлі ынталандыру шаралары ұйымдастырылып жатыр. Соны ескере келе кәсіпкерлермен ақылдасып, осы акцияны ұйымдастырып отырмыз, - дейді Тынышқали Сәбен.

Қазіргі таңда алматылықтарға короновирусқа қарсы үш түрлі вакцина ұсынылады, олар: отандық «QazVac», ресейлік «Спутник V» және қытайлық «Синофарм» вакцинасы. Сонымен қатар оңтүстік астанамызда 212 екпе егу орталығы ашылып, емханаларда, сауда ойын-сауық орталықтарында, мектеппен қоса базарларда вакцина салынып жатыр.

Вакцина алғандар мына сауда орталықтарында тауарды немесе қызмет түрін жеңілдікпен ала алады:

• «KINOPARK 5» кинотеатры, (Тимирязев көш., 42) «Atakent Mall» ОСО – жеңілдік / 20%
• «Brooklyn Fitness gym» фитнес орталығы, (керемет ықшам ауданы, 7) - жеңілдік / 20%
• «Траснформа» перформативтық өнер театры, (Байзаков көш, 280) - жеңілдік / 5%
• «Almaty Doner» дәмханасы, (Абай даңғ., 34) - жеңілдік / 10%
• «GAME ON» компьютерлік клубтар желісі, (керемет ықшам ауданы, 7); (Розыбакиев көш., 111); (Бухар жырау көш., 27/5, блок 1) - жеңілдік / 20%
• «Coffee and parfait bar» кофейнясы, («Esentai Mall» ОСО , 4 этаж) - жеңілдік / 20%
• «Асем тау» демалыс аймағы, (Алмарасан шатқалы) - жеңілдік / 10%
• «Tsarskaya» қоғамдық моншасы, (Розыбакиев көш., 187) -жеңілдік / 10%
• «METRO» ойын-сауық орталығы / боулинг, бильярд, картинги, караоке), (Жандосов даңғ., 2б) - жеңілдік / 10%

Осылайша, аудан кәсіпкерлері коронавирустық инфекциямен күрес жолында өзіндік үлесін қоса отырып, еліміздің барша кәсіпкерлерін акцияны қолдауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы