Алматыда үй шаруашылықтарының мәселесі талқыланды

30 Тамыз 2023, 16:49
632
Бөлісу:
Алматыда үй шаруашылықтарының мәселесі талқыланды

Алматыда Қазақстандағы үй шаруашылықтарының басты трендтеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуді «Халықаралық Әлеуметтану және саясат институты» ҚҚ ұйымдастырды. Шара барысында «Эталондық үй шаруашылығы 2030» зерттеуінің екінші кезеңінің нәтижелері таныстырылды.

Қор директоры Андрей Ханның айтуынша, зерттеудің бірінші кезеңі күзде аяқталды. Оның нәтижелері бойынша еліміздегі үй шаруашылықтарының жағдайы мен дамуы туралы мәліметтер алынып, олардың кірістері мен шығыстарын қалыптастырудағы проблемаларға талдау жүргізілді. Талдаудан кейін экономиканың мүмкіндіктерін және мемлекетті басқару жүйесін ескере отырып үй шаруашылықтарының өмір сүру деңгейін жақсарту сценарийлері жасалды.

Екінші кезең шеңберінде сарапшылар үй шаруашылықтарының кірістері, өмір сүру деңгейі, инфрақұрылымдық дағдарыс пен оның азаматтар өміріне әсері туралы талдамалық баяндамаларын таныстырды. Сонымен бірге салық салу, инвестициялар, сауда және салаларда экономиканы дамыту бойынша шаралар ұсынылды.

Бұл зерттеулер тәжірибелік сипатқа ие және заңнамалық өзгертулер деңгейінде қолдануға болатын дайын ұсыныстардан тұрады. Жалпы, экономика туралы айтқанда, макроэкономикалық көрсеткіштерді атайды да, үй шаруашылықтары назардан тыс қалып жатады. Сонымен бірге, экономикалық саясатты дұрыс жүргізу үшін елдегі ахуалдың үй шаруашылықтарына қалай әсер ететінін түсіну маңызды, - деді Халықаралық Әлеуметтану және саясат институтының директоры Андрей Хан.

Шолпан Әйтенова мемлекеттік қаржы туралы статистикалық ақпараттың толық еместігін, сондай-ақ, мемлекеттік басқару секторының толық спектрі шектеулі негізде қамтылғанын жеткізді. Бұл кемшілікке қоса, Мемлекеттік қаражатты басқару тұжырымдамасы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және бекітілген бюджеттер сынды маңызды бюджеттік құжаттар арасында өзара келіспеушілік бар. Аталған құжаттардың арасындағы байланыстың төмендігі айқын бюджеттік саясаттың жоқтығына себеп болып отыр. Құжаттар формалды сипатқа ие. Сонымен қатар, спикер бюджет ережелерінің тиімсіз қолданылатынын айтты: бюджет пен ұлттық қор қолдан басқарылатындықтан, аталған ережелердің формалды түрде қабылдануы сәйкес тәжірибемен сипатталмайды. Басты стратегиялық құжаттармен өзара байланысты ескермей, бюджет шығыстарын жедел қалыптастыру да тиімсіздіктің айқын мысалы болып табылады. Бұл бюджет шығыстарының дер кезінде қалыптастырылмауына және ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттармен міндетті түзетулерсіз құрылуына алып келеді.

Сонымен бірге, дөңгелек үстелде Степан Шрамконың үй шаруашылықтарының кірістері мен өмір сүру деңгейіне арналған баяндамалары тыңдалды, ал Наталья Малярчук экономиканы дамытудың жүйелі шаралары жайлы, Марат Шибутов мемлекеттік жоспарлау туралы айтып берді.

Баяндамалар соңы қызу пікірталасқа ұласты. Дөңгелек үстел ұйымдастырушылары атап өткендей, келешекте Үй шаруашылықтарының жағдайы туралы ұлттық баяндама әзірлеу жоспарланған, онда үй шаруашылықтарының жағдайы туралы негізгі мәліметтер жинақталып, олардың әл-ауқатын қалыптастырушы факторлар баяндалып, үй шаруашылықтарының әл-ауқатын жақсарту шаралары ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы