Бүгін Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты сот отырысының алдын ала тыңдауы өтті. Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Процеске қатысушы тарап да, БАҚ өкілдері де көп болды. Істе басты күдікті Александр Пак сот отырысына балдақпен келді. Күдіктінің өзі жол апатында ауыр жарақат алып, бірнеше күн ауруханада жатқан болатын.
Пакқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.
Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін басқарып, әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатқан.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірнеше тармағын бірден бұзған, қауіпсіз жылдамдықты таңдамаған, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Mercedes-Benz жүргізушісі және оның екі жолаушысы қаза тапты.
Сонымен қатар, күдіктінің адвокаты үш өтінішхат жолдады.
Біріншісі – оның сот процесіне онлайн форматта қатысуы туралы өтініш. Адвокаттар сотталушының қазіргі уақытта толыққанды қозғала алмайтынын және «оң аяғын баса алмайтынын» айтып, сот отырыстарына қашықтан қосылуына рұқсат беруді сұрады.
Екіншісі – іс материалдарына қатысты өтініш. Қорғаушылар қорғау тарабына құжаттармен және өндірістің барлық материалдарымен толық танысу үшін қосымша уақыт қажет екенін мәлімдеді.
Үшінші өтініш соттағы түсірілімге қатысты болды. Қорғау тарабы БАҚ өкілдеріне Пактың жүзін жарияланымдар мен видеоларда көрсетуге тыйым салуды сұрады. Адвокаттың сөзінше, процестің жария түрде өтуі және сотталушының кадрларының таралуы оның үш жастағы баласына әсер етуі мүмкін.
Күдікті көзіне жас алып кешірім сұрады
Сот процесі барысында күдікті жәбірленушілерден кешірім сұрады.
Заң бойынша жазамды алуға дайынмын. Ешбір сөз марқұмдарды қайтара алмайтынын түсінемін. Қолымнан келгенше көмектесуге дайынмын. Өзімді кешіре алмаймын. Сіздерді де ұмытпаймын, - деді күдікті.
Судья процесс барысында айтылған өтініштер бойынша шешім шығару үшін 1 сағаттай кеңесу бөлмесіне кетті.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев қорғауындағы адам күдіктіден 100 миллион теңгедей моральдық өтемақы талап етуі мүмкін екенін айтты.
Шешім
Артынша судья кеңесу бөлмесінен келіп, күдіктінің талаптарын ішінара қанағаттандырды. Процесс ашық өтеді. Алайда БАҚ-қа процеске қатысушыларды түсіруге тыйым салынды.
Басты сот отырысы 1 маусым сағат 10.00-ге белгіленді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні болған. Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталып, тергеу изоляторына қамалды.
Алматыдағы кісі өлімімен аяқталған ірі жол апатына қатысты қазақстандықтар ашық сотты талап етті.
Аталған жол апаты оқиғасынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылды. Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне полиция полковнигі Ғалым Сарғұлов тағайындалды.