Алматыда тұрғындар мен билік арасында диалог орнатуға арналған қосымша іске қосылды

16 Қараша 2020, 14:35
2358
Бөлісу:
Алматыда тұрғындар мен билік арасында диалог орнатуға арналған қосымша іске қосылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімдігі қала тұрғындарының ұсыныс, тілектерін қабылдап, оған тікелей жауап беру үшін IAzamat мобильді қосымшасын іске қосты.

«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұртас Қайыров бұл қосымша халықты тыңдай білетін мемлекет құру бастамасы аясында жасалғанын айтады.

Бұл қосымша тұғындар мен қала билігінің диалог алаңы. Ол жерде азаматтар түрлі жоба бойынша өз ұсыныстарын айтып, талқылай отырып пікір қалдыра алады. Яғни ұсынылып отырған жобалардың оң және теріс жақтарын көрсетіп отырады. Сонымен қатар ол жерден қалада қандай жобалар іске асырылып жатқанын көріп, олардың қалаға қаншалықты қажет екеніне баға береді,-дейді ол.  

Сонымен қатар ол аталған қосымша арқылы тұрғындардың пікірін ескере отырып қаланың инфрақұрылымын, жол жүйесін құратындарын жеткізді. 

Қай жерді абаттандырып, көгалдандыру керектігін де осы қосымшада талқылап іске асырамыз. Тұрғындардың барлық ұсыныстары мен пікірлері қосымшада көрініп тұрады. Оған қоса қала әкімдігі мен түрлі құрылым басшылары онлайн режимде тұрғындардың сауалдарына тікелей  жауап беріп отырады,-дейді Қайыров. 

«Алматы қаласын дамыту орталығы» қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры Әлия Жақсылықова бұл қосымшада жобалар мен қатар тағы қандай ақпараттар берілетінін атап өтті.

 

Жобалардан тыс бұл қосымшадан қалаға қатысты өзекті мағлұматтарды алуға болады. Яғни қаладағы білім, экономика, мәдениетке қатысты қажетті мәліметтер мен жетістіктер тұрғындар назарына ұсынып отырамыз. Оған қоса азаматтар қалада жаңадан ашылып жатқан нысандар жайлы біліп отырады. Қосымшада талқыланып жатқан жобаға дауыс беру тетігі де бар,-дейді ол. 


 


 

Өзгелердің жаңалығы