Алматыда тау бөктері опырылды

20 Сәуір 2020, 15:26
1991
Бөлісу:
Алматыда тау бөктері опырылды

Алматы, BAQ.KZ. 2020 жылғы 18 сәуірде Медеу ауданындағы Керей-Жәнібек хандар көшесі №502 және "Тау-күні" оқу-сауықтыру кешенінің аумағында көлемі 7200 м3 сырғыма көшкін жүрді. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Департамент таратқан мәліметте топырақтың массасы Кіші Алматы өзенінің арнасына түскенімен, өзен арнасын бөгемеген, су еш кедергісіз ағып жатыр. Сонымен қатар, ғимараттардың қирауы және зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. 

Сырғыма көшкінінің жүруіне ағымдағы жылдың 14 сәуірінен 15 сәуіріне дейін жауған нөсер жаңбырдың салдарынан топырақтың 1 метрге дейін ылғалдануы  себеп болды. "Қазселденқорғау" ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасынан аталған мекенжай бойынша алынған ақпаратқа сәйкес, көшкін жүру қаупі әлі де бар, кешендегі ғимараттардың (спортзал, бассейн және шаруашылық ғимараттың) құлауы мүмкін, - делінген хабарламада. 

Осыған байланысты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көшкін жүру қайталануы мүмкін жерлерді анықтаған. Қауіпті жерлер барлық периметрдің айналасында таспамен белгіленіп, қоршауға алынды. Мекеме иесіне қауіпті аймаққа және онда орналасқан ғимараттарға адамдардың  кіруін шектеу туралы хабарлама берілген.

Аталған оқиғалар туралы "Дармен" қосымшасы мен sms-хабарламалар арқылы қала тұрғындарына екі рет хабарланды. Таулардағы көшкін қаупі туралы дауылды ескерту әлі де күшінде. Алматы қаласында көшкін жүру қаупі бар 41 учаске бар, бірақ бүгінгі күнге дейін қай учаскенің нақты қауіп төндіретіні туралы нақты ақпарат жоқ, нәтижесінде оларды жою шаралары анықталған жоқ, - делінген хабарламада.

 Осыған байланысты, өткен жылы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен Алматы қаласындағы  көшкін қауіпті учаскелерді паспорттау  ұсынылған, оған  әкім қолдау көрсетіп,  жергілікті бюджеттен осы жылға 35 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-мен келісімшарт жасалды, көшкін қауіпті учаскелерді паспорттау  жұмыстары жүргізілуде.

«Қала аумағында жыл сайын көктем маусымында  негізінен таулы және тау бөктеріндегі аудандарда шамамен  осындай бес көшкін болады. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап Медеу және Бостандық аудандарында  жалпы көлемі 7220 м3 құрайтын сырғыма көшкіннің 4 оқиғасы тіркелді»,-делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы