Алматыда тарихи орталықты сақтау бойынша бірқатар шара қабылданды

1 Сәуір 2021, 21:25
1537
Бөлісу:
Алматыда тарихи орталықты сақтау бойынша бірқатар шара қабылданды

Алматы, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының мегаполис орталығының сәулеттік келбетін сақтау жөніндегі тапсырмасына сәйкес 36 учаске бойынша шаралар пакеті қабылданды. 

Бұл туралы Алматы қаласының қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы хабарлады. 

Қаланың тарихи орталығының шекарасындағы нүктелі құрылыс объектілерінде жеке меншіктегі бірқатар жер учаскесі анықталды. Оның ішінде 8 учаске аумақты абаттандыру және көгалдандыру арқылы қоғамдық кеңістікті ұйымдастыру үшін сатып алу жолымен алынады. 

Бұл шара аула аумақтарындағы учаскелердің болуына және оларда көптеген жасыл желектің орналасуына, сондай-ақ, қолданыстағы қала құрылысы регламенттеріне сәйкес келмеуіне байланысты қабылданады. 

Сонымен қатар орталық бөлікте жасыл аймақтарды ұйымдастыру үшін екі учаскені алып қою жоспарлануда. Атап айтсақ, Гоголь көшесінің солтүстігі, Абылай хан даңғылының батысы және Қонаев көшесі, 99 "а". 

Сондай-ақ бұрын берілген рұқсат құжаттары бар 10 учаске бойынша оларды игеруді аяқтау туралы шешім қабылданды. Бұл ретте іргелес аумақтарды абаттандыру бойынша мамандар мен тұрғындардың ұсыныстары ескерілетін болады. Сонымен қатар бірқатар нысан бойынша округтегі қабаттылық ескерілетін болады, - делінген хабарламада. 

Оған қоса 5 учаске бойынша иелеріне бұрын бұзылған ғимараттарды қалпына келтіру ұсынылса, Шевченко-Панфилов-Құрманғазы-Байсейітова көшелері аумағындағы екі учаске қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылған. Бұл аумақтарда қалалық саябақ салу жоспарлануда. Масанчи көшесі - Жамбыл көшесі 67/101 және Наурызбай батыр көшесі, 29/1 екі нысан бойынша сот процестері жалғасуда. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тарихи орталықта, сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларында нақты құрылыс жұмыстары тоқтатылатынын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар тыйым үйлер арасында кірістіру деп аталатын құрылысқа қолданылады. 

Сонымен қатар жаңа үйлерді салу кезінде бірқатар параметр, оның ішінде қабаттылық ескерілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы