Алматы, BAQ. KZ. Алматыда тәртіпсіздікті жақтаушылар жедел жәрдем көлігіне кедергі жасап, медицина қызметкерлеріне зақым келтіріп, әлеуметтік нысандарды қиратуда. Бұл туралы Алматы қаласы Комендатурасының ақпараттық орталығы хабарлады.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, агрессивті азаматтар мегаполистің емханалары мен ауруханаларына кіріп, медициналық мекемелердің мүліктері мен жабдықтарына зиян келтіруде.
Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жедел жәрдемнің 5 қызметкері, оның ішінде 2 жүргізуші мен 3 медицина қызметкері зардап шекті. Зардап шеккендер қалалық стационарларға жеткізілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2 жедел жәрдем көлігі жойылып, Қалалық кардиологиялық орталықта қабылдау бөлмесі мен клиникалық-диагностикалық бөлімшенің әйнектері сынған.
Алмалы ауданының АМСК ғимаратында вандализм актісі тіркелді. Наурызбай ауданында №7 ҚКА қабылдау бөлмесіне пациентпен жедел жәрдем көлігінің қатынауы тоқтатылды. Сонымен қатар, деструктивті әрекеттерді жақтаушылар жедел жәрдем көлігін тоқтатып, балаларды ауруханаларға жатқызуға жол бермейді, – делінген хабарламада.
Бұл әрекеттер пациенттерге уақтылы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіреді және азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.