Алматы тауларында Сәтбаев шыңынан түсіп келе жатқан үш турист қызға құтқарушылардың көмегі қажет болды.
Оқиға 4317 метр биіктікте болған. Қараңғы түскен кезде қыздар бағытынан жаңылып, өздігінен әрі қарай қозғала алмаған.
Топтың орналасқан жері туралы ақпарат құтқарушыларға түскен. Мамандар геолокация мәліметтері арқылы туристердің нақты координаттарын анықтап, оларды іздеуге шыққан.
Құтқарушылар қыздарды тауып, «Эдельвейс» туристік базасының шлагбаумына дейін қауіпсіз бағытпен алып түсті.
Туристерге медициналық көмек қажет болмаған. Олар қауіпсіз аймақта тиісті адамдарға тапсырылды.
Құтқарушылар тауға шығатын туристерге ауа райын алдын ала тексеріп, бағытты жақсы білмесе жалғыз шықпауға және байланыс пен навигация құралдарын алып жүруге кеңес береді.