Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров чемпионатты ашып, бұл шараның Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылғанын атап өтті.
Бүгінгі жаһандық бәсеке – технология бәсекесі. Робототехника – технологиялық серпілістің негізгі бағыттарының бірі. Robocon 2021 кәсіби өсу, қарым-қатынас және шығармашылық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Чемпионатты болашақта әлемдік технология нарығындағы бәсекелестікке дайындық ретінде қарастыруға болады. Чемпионатқа қатысушы – IT, электроника және робототехника саласында ғылыммен айналысатын дайын жас маман. Алматы жас таланттар мен батыл бастамаларға ашық, - деді Ержан Бабақұмаров.
Биылғы чемпионатқа елімізден 13 студенттік команда қатысуда. Робототехника байқауы жас ғалымдарға дизайн мен механикадан, электроникадан бастап, роботты интеллект бағдарламасын жазуға дейін роботтарды әзірлеуді нөлден бастауға мүмкіндік береді.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – Қазақстан жастарының өздерінің стартап жобаларын әрі қарай жүзеге асыруы және Қазақстанның инновациялық қызметіне белсенді қатысуы үшін заманауи техникалық білім беру, сондай-ақ дарынды жастарды анықтау, оқыту, іріктеу және қолдау болып табылады.
Өз кезегінде, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры Сергей Тоқтаров чемпионат қазақстандық студенттер өздерін және робототехникада мықты жақтарын көрсете алатын, тәлімгерлердің қолдауына ие болып, Қазақстанда цифрландыруды дамытуға өз үлестерін қосатын ауқымды алаң екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры дарынды жас қазақстандықтарды анықтау және қолдау мақсатында республиканың жас буынының дарындылығын ашуға бағытталған осындай жобаларды белсенді түрде қолдайды.
Елордадан тікелей эфирге шыққан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2019 жылы бірінші чемпионат жоғары деңгейде өткенін, оған отандық жоғары оқу орындары студенттерінің бастамашыл топтары қатысқанын, роботтарды шығару үшін толық жабдықталған жаңа робототехника зертханалары салынғанын атап өтті. «ETU Robocon 2021» көрмесіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Өскемен және Алматы облысының студенттік командалары қатысуда.
Байқауға студенттер екі робот құрастырды – бірі автоматтандырылған және екіншісі басқарылатын.
Біріншісінің міндеті – импровизирлі планетаға «зымыран» жіберу, ал екіншісі белгілі бір траектория бойынша қозғалып, тесікке шарларды түсіруі тиіс. Барлық роботтар нөлден және қолда бар құралдардан - картоннан, пластиктен, металлдан, батареялардан, арқандардан және т.б. құрастыру арқылы жасалды. Негізгі шарт - құрылғы Arduino платформасында жұмыс істеуі керек. Бұл өзінің процессоры мен жадысы бар шағын тақта. Барлық қажетті параметрлері бар алдын ала жазылған бағдарлама процессорға жүктеледі, ол арқылы робот басқарылады. Барлық іс-шаралар арнайы жабдықталған ойын алаңында өтеді.
Жалпы, іс-шара робот жасау саласын дамытуға және елдегі цифрландыру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.