Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй аукционға шығарылды

Сауда-саттық 25 қыркүйекте сағат 10:00-де басталады.

9 Қыркүйек 2026, 14:33
АВТОР
 sauda.e-qazyna.kz 9 Қыркүйек 2026, 14:33
9 Қыркүйек 2026, 14:33
150
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Алматы қаласында бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүй кешені жекешелендіру аясында электронды сауда-саттыққа шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Саудаға қойылған нысан Алматының Алмалы ауданында, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Қонақүй кешенінің жалпы ауданы 16 196,4 шаршы метр. Аукциондағы бастапқы баға 12,76 млрд теңге болып белгіленген. Сауда-саттық 2026 жылғы 25 қыркүйекте сағат 10:00-де басталады.

Лот туралы мәліметке сәйкес, аукцион бағаны көтеру әдісімен өтеді. Саудаға қатысу үшін кепілдік жарна ретінде шамамен 1,91 млрд теңге төлеу қажет. Өтінім қабылдау мерзімі аукцион басталғанға дейін аяқталады.

Нысанды сатушы ретінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті көрсетілген. Құжаттарда қонақүй ғимаратымен бірге бірқатар мүліктердің сатылатыны жазылған. Сонымен қатар жер учаскесіне қатысты белгілі бір сервитуттық шектеулердің бар екені көрсетілген.

Айта кетейік, DoubleTree by Hilton қонақүйі бұған дейін мемлекетке қайтарылған активтердің қатарында аталған болатын. Енді нысан ашық электронды аукцион арқылы жаңа меншік иесін табуы тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан, бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй ғимаратының сүріліп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда Алматы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, бұрынғы қонақүй ғимараты бұзылып жатқан жоқ.

Наверх