Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының хирургтері асқазанынан қайта қан кеткен науқасқа шұғыл ота жасады. Тексеру нәтижесінде ер адамның жағдайын нашарлатқан себеп асқазандағы қатерлі ісік екені анықталды.
Ер адам Алматыға басқа өңірден қонаққа келген. Қалада жүрген кезінде денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жатқызылған.
Тексеру барысында дәрігерлер асқазаннан көлемі шамамен 2,5 сантиметр болатын ойық жара анықтаған. Сондай-ақ ісік үдерісіне күдік туған. Қайта қан кету қаупі жоғары болғандықтан, қажетті дайындықтан кейін дәрігерлер ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Науқасқа гастрэктомия, яғни асқазанды толық алып тастау операциясы жасалды. Сонымен қатар лимфа түйіндері алынып, Ру әдісімен өңеш пен аш ішек жалғанған. Операция кезінде жүргізілген шұғыл гистологиялық зерттеу атипиялық жасушалардың бар екенін растады.
Хирургиялық араласу шамамен үш сағатқа созылды. Соңғы гистологиялық зерттеу нәтижесінде асқазанның төмен дифференцияланған карциномасы анықталған. Сонымен қатар сақина тәрізді жасушалы обыр ошақтары және ісіктің ағза қабырғасының барлық қабатына, соның ішінде сірлі қабыққа дейін өскені белгілі болды.
№1 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Байтурғановтың айтуынша, дәрігерлердің алдында қан кетуді тоқтатып қана қоймай, оның негізгі себебін жою міндеті тұрған.
Қайта қан кету қаупі жоғары болғандықтан және ісік үдерісі расталған соң, онкологиялық хирургия қағидаларын сақтай отырып, асқазанды толық алып тастау туралы шешім қабылданды. Операция хирургтер мен анестезиолог-реаниматологтардың үйлесімді жұмысын талап етті, – деді ол.
Операциядан кейін науқастың жағдайы тұрақтанып, сауығу үдерісі оң динамикамен жүрген. Стационарлық ем аяқталған соң ер адамға алдағы уақытта дәрігер бақылауында болу жөніндегі ұсыныстар беріліп, ауруханадан шығарылған.
№7 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбеков бұл жағдай ауруды дер кезінде анықтау мен шұғыл медициналық көмектің қолжетімді болуы маңызды екенін көрсететінін атап өтті.
Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау аурудың алдын алудан басталады. Жасыңызға және белгіленген ұсынымдарға сәйкес, онкологиялық тексерулерді қоса алғанда, медициналық тексерулер мен скринингтерден тұрақты өтіп тұрыңыз, – дейді дәрігер.
Дәрігерлер асқазан обырының бастапқы кезеңінде айқын белгілер байқалмауы мүмкін екенін ескертеді. Себепсіз салмақ жоғалту, іштің ауыруы, тәбеттің төмендеуі және қаназдық белгілері байқалса, дәрігерге қаралу қажет.
Ал қан аралас құсу, қара түсті нәжіс, кенеттен қатты әлсіздік немесе естен тану шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.