Алматыда пайра синдромына шалдыққан науқасқа ота жасалды

29 Қараша 2021, 20:19
1888
Бөлісу:
Алматыда пайра синдромына шалдыққан науқасқа ота жасалды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы қалалық №7 ауруханада созылмалы колостазға шалдыққан әйелге күрделі ота жасалды.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының мәліметінше, операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалған.

Хабарламаға сүйенсек, жас келіншектің бұл дертке шалдыққанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Алғашында ол жүрек айну, бас айналу, құсу, іш ауруы сынды жағымсыз белгілермен өз бетінше күресіп көрген. Ақырында 10 күн бойы дәреті жүрмей, кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Дәрігерлер пациентке пайра ауруы – созылмалы колостаз деген диагноз қойып, оны шұғыл операцияға дайындаған.

№7 аурухананың хирургі Нұрлан Мәуленовтің айтуынша, созылмалы колостаз – тоқ ішекте кездесетін ауру. Мұндай аурумен ауыратын адамның іші кеуіп, үлкен дәреті жүрмейді, салдарынан организм уланады.

Бұл дертке шалдыққан пациенттер уақытылы емделу қажеттігін естен шығармағаны жөн. Көп жағдайда мұндай сырқаттарға хирургиялық көмек көрсетіледі, - дейді дәрігер.
Науқастың жағдайы қазір түзелген, өзін жайлы сезінеді.
Отадан кейін жағдайым біртіндеп жақсара бастады, қазір бәрі ойдағыдай. 15 күннен кейін үйге сауығып қайттым. Дәрігерлерге рақмет, - дейді пациент.

Естеріңізге сала кетсек, МӘМС пакетіне кіретін ота жоспарлы түрде жасалды.

Өзгелердің жаңалығы