Алматыда «Панджшер патшасы» Борис Керімбаевты еске алды

13 Қаңтар 2024, 17:30
553
Бөлісу:
Алматыда «Панджшер патшасы» Борис Керімбаевты еске алды
Фото: gov.kz

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы қалалық саябақта Ауған соғысының ардагері полковник Борис Керімбаевты еске алуға арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

12 қаңтарда аты аңызға айналған Қара майор Борис Керімбаев 76 жасқа толар еді. Интернационалист-жауынгерді еске алуға арналған жиынға Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының мерзімді қызмет сарбаздары, полковник Борис Керімбаев және «Киров» атындағы әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері жиналды.

Біз аты аңызға айналған Қара майордың арамыздан кеткеніне қайғыра отырып, ол кісінің жанқиярлық ерлігігінен қуат аламыз. Борис Төкенұлының өнегесі ең қиын жағдайлар мен бітіспес қақтығыстарда да диалогқа орын бар екенін көрсетеді, – деді әскери институттың бесінші курс курсанты Мейіржан Досахметов.

Борис Төкенұлы Керімбаев әскери қызметке өмірінің 35 жылдан астам уақытын берді. Оның ең қиын, әрі жауапты кезеңі Ауғанстанда өтті. Ол Алматы облысының Қапшағай қаласындағы 22-ші арнайы мақсаттағы құрама базасында ұйымдастырылған 177-ші арнайы мақсаттағы жасақты басқарды. Бұл құрылым негізінен қырғыздардан, қазақтардан, өзбектерден және тәжіктерден құралған соң «мұсылман батальоны» деп аталатын.

Ауғанстанның Панджшер шатқалында моджахедтер мен Кеңес әскері арнайы күштері арасындағы қиян-кескі ұрыстар болды. Дарынды командир Борис Керімбаев аз ғана күшпен тосқауыл қойып, биіктіктерге шабуылдар жасады, жауды шатастыру үшін жалған маневрлер ұйымдастырды. Сондықтан оның бөлімшесі ең қауіпті деген жерлерден әрқашан аз шығынмен шығатын.

Кара майор керемет келіссөз жүргізуші де бола білді. Ол моджахедтердің ең ықпалды деген дала командирін бітімге келуге мәжбүр етті. Сол себепті Борис Төкенұлының «Панджшер патшасы» деп аталуы кездейсоқтық емес.

Қарулы күштердің әскери қызметшілері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, ұландар мен жасарбаздықтар даңқты батырды ешқашан ұмытпақ емес. Мемлекеттік әскери-тарихи музейде Батырға арналған экспозициялар орналасқан. Туған жері Алматы облысының Райымбек кентінде мемориалдық ескерткіш, тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.

Өзгелердің жаңалығы