Алматыда өткен тәулікте жол-көлік оқиғасының саны күрт артты

17 Қараша 2022, 14:05
998
Бөлісу:
Алматыда өткен тәулікте жол-көлік оқиғасының саны күрт артты

16 қараша күні кешке Алматыда қар жауып, салдарынан жол-көлік оқиғасы әдеттегіден көбірек болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығының кезекші бөлімі таратқан мәлімет бойынша, 16 қараша таңғы сағат 8:00-ден 17 қараша күні таңғы сағат 8:00-ге дейін Алматы қаласында 136 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 26 жол-көлік оқиғасында зардап шеккендер бар, қайтыс болғандар жоқ. Жай күндері (ауа райы күрт нашарламаған күндерде) қалада 70-80, кейде 100-ге дейін жол-көлік апаты тіркеледі. Бұдан соңғы тәулікте жол-көлік оқиғасының көбейгенін байқауға болады.

Алматы полициясы көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды.

Бұл үндеу негізінен қаупі жоғары көлік басқаратын қала жүргізушілеріне арналады. Біз оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік жүргізу мәдениетін танытуға және мұқият болуға шақырамыз. Бұл үндеу қазір өте өзекті әрі қала көшелеріндегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Ұзабаев.

Ол сондай-ақ көлік иелеріне дөңгелегін қысқы дөңгелекке ауыстыруға кеңес берді.

Өзгелердің жаңалығы