Алматыда Орталық Азия қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді

2 Қазан 2019, 13:03
2749
Бөлісу:
Алматыда Орталық Азия қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 4-6 қазан аралығында Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде «Алтын алма» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ерекше көрме болмақ, өйткені бұл жолы Алматының символы ретінде танылған алма тақырыбы таңдап алынған. Сондықтан шеберлер бұйымдарының көбі алма бейнесіне арналмақ.

«Көрмеге Орталық Азия елдерінің 50-ден аса мықты қолөнер шеберлері өз бұйымдарын алып келеді. әсіресе қолдан жасалған кәдесыйлар, былғары, ағаштан жасалған бұйымдар қойылады. Біз осымен он жылдың көлемінде Орталық мемлекеттік музеймен бірігіп осы көрмені өткізіп келеміз. Жылына түрлі тақырыппен осындай 3-4 көрме өткізіледі. Шеберлер әр келген сайын өздерінің жаңа туындыларымен бізді таңқалдыруда, осы жолы да керемет көрме өтеді деген ойдамыз», - дейді «Бақыт» декоративті қолданбалы өнер орталығының менеджері Күнсұлу Әбдікәрім.

Орталық мемлекеттік музейдің баспасөз хатшысы Ақмарал Айдынбаева мұндай көрмелер көрші елдермен мәдени байланысты нығайта түседі деген ойын білдірді.

«Біздің музейде көптеген көрмелер өтіп тұрады, оның ішінде халықаралық көрмелер де бар. Соның бірі «Бақыт» орталығымен бірігіп өткізетін қолөнер шеберлерінің көрмесі. Бұл жыл мезігіліне байланысты жылына төрт рет өтеді. Мұның алдында Жастар жылына арналған көрме өткізген едік. Ол жас суретшілер мен шеберлерді қолдау мақсатында өтті. Осы жолы күз мезгіліне байланысты «Алтын алма» атты көрме-жәрмеңкені өткізгелі отырмыз. Біз құндылықтарымызды сақтау, жас буынға жеткізу мақсатында осындай көрмелерге қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, бұл көрші елдермен байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Өйткені шеберлер жан-жақтан келеді. Олар өз заттарын сатып қана қоймайды, көрермендерге арнап шеберлік сағаттарын өткізеді», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы