Алматыда мысықтарға үйшіктер орнатылды

24 Наурыз 2023, 15:49
1925
Бөлісу:
Алматыда мысықтарға үйшіктер орнатылды
Фото: автордан

Алматыда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды іске асыру шеңберінде Медеу ауданының әкімдігі қолдауымен Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы және «Animal Security» қоғамдық қоры бірлесіп үйсіз көше мысықтарына арналған үйшіктер орнатты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматының «Самал-1» ықшамауданындағы тұрғын үй маңында көше мысықтарына арналған арнайы үйшіктер орнатылды.

Бүгінгі күні Медеу ауданыны әкімдігі, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Полиция департаменті және зообақылау ұйымы меморандумға қол қойды. Оның негізінде үйсіз көше мысықтарына арнайы үйшіктер орнатылды. Бұл – пилоттық жоба. Алдағы уақытта осы жоба адамдар арасында қолдау табатын болса, қаланың өзге аудандарында да іске асады. Әзірге біз осы жерде орнатылған үйшіктер арқылы жобаның артықшылықтары мен кемшіліктерін бақылап, оны әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмыз, – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Ерлан Омаров.

Алматыда мысықтарға үйшіктер орнатылды

 Айтылған үйшіктердің тазалығы мен сақталуын жақын маңдағы үйлердің тұрғындары өз жауапкершілігіне алып отыр.

Біздің үйдің тұрғындары, апаларымыз осында жүретін мысықтарға тамақ беріп, біраз уақыттан бері үйсіз жануарларға көмектесіп жүрді. Қыс алдында біз мысықтарға үйшіктерді орнатуды жоспарладық және осы ойды іске асыру үшін мүмкіндіктер іздедік. Осылайша, біз «Animal Security» ҚҚ өкілдерімен байланыс орнаттық. Жануарларды қорғау қорында бізге осындай қалалық жоба жасалып жатқаны айтылды. Нәтижесінде, Медеу ауданының әкімдігі қолдауымен бұл бастама бүгінгі күні іске асып отыр. Алдағы уақытта орнатылған үйшіктердің қауіпсіздігі мен тазалығына біз жауап береміз, – деді «Самал-1» ықшамауданының 19-үй МИБ (мүлік иелерінің бірлестіктері) төрағасы Мұхит Қатанов.

Алматыда мысықтарға үйшіктер орнатылды

«Animal security» қоғамдық қорының басшысы Наталья Сульжиктің айтуынша, бұл жоба адамдарды жауапкершілік пен мейірімділікке шақыру мақсатын ұстанады.

Қазір «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң іске асып жатыр. Яғни, үйсіз жануарлар аулап алынады, одан кейін залалсыздандырылады және вакцина салынады да, қайтадан бұрыңғы орындарына жіберіледі. Бірақ олар қайта босатылғанымен, жануарларға ешқандай жағдай жоқ. Сондықтан біз, әзірге мысықтар үшін үйшіктер орнатуды бастамасын қолға алдық. Болашақта иттерге арналған үйлер орнату да жоспарда бар. Жалпы жоба мақсаты – адамдарды жануарларға қамқор болуға шақыру, балаларды жауапкершілікке үйрету, – деді жоба кураторы Наталья Сульжик.

Алматыда мысықтарға үйшіктер орнатылды

Жоба кураторы бұл үйшіктер тұрғын үй иелерінің жауапкершілігіне берілетінін де атап өтті.

Қауіпсіздік үшін бұл үйшіктерді бейнебақылау камераларының қасында орнатып жатырмыз. Сондай-ақ, олардың еш жері бүлінбеуін тұрғын үй адамдарының арасында бекітілген куратор мен жергілікті полиция қызметкерлері қадағалайтын болады. Осы үйшіктерді өз жауапкершілігіне алған куратор бізбен келісім негізінде мысықтарды қосымша тамақтандыратын болады, – деді Н.Сульжик.

Сондай-ақ Наталья Сульжиктің айтуынша, әр үйшік тұрғындардың толық келісімі болған жағдайда ғана орнатылады. Дегенмен, қоғамдық қор басшысы қала тұрғындардың көпшілігі бұл бастаманы қолдайтынын айтады. Жалпы жануарларды қорғау қорына осындай үйлерді орнату туралы 500 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 80 өтініш Медеу ауданынан жолданған.

Айта кеткен жөн, мысықтарға арналған үйшіктер толықтай Медеу әкімдігінің қаржыландырумен жасалды. Жалпы аудан әкімдігімен мысықтар мен иттерге он-оннан үйшік жасау жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы