Алматыда мопедшілердің қатысумен 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

27 Мамыр 2024, 12:34
480
Бөлісу:
Алматыда мопедшілердің қатысумен 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
PHOTO
Фото: автордан

Қала тұрғындары жол жиегінде қағып кетіп, көліктермен жарысып жүретін мопед жүргізушілеріне шағымын айтады. Олардың айтуынша, жылдам көлік иелерінің даусы түнде ұйқыны бұзса, күндіз жаяу жүргіншілер жолағында жол бермейді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде мопед жүргізушілерінің қатысуымен жол-көлік оқиғаларының бейнеролигі көптеп таралып жатыр. Мопедтердің көпшілігі тіркелмеген, нөмірі жоқ екенін байқауға болады. Осы ретте, Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі биыл көктем-жазғы кезеңде мопедтің қатысумен 301 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде үш адам қайтыс болғанын атап өтті. 

Алматыда мопедшілердің қатысумен 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

Мотоциклдің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: белгіленген жылдамдық режимін сақтамау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қиылыстардан өту ережелерін бұзу, маневр жасау, т.б. Жыл басынан бері Алматы қаласының полициясы мопед жүргізушілерінің 7 мың 522 жол қозғалысы ережесін бұзғанын анықтады. Сонымен қатар осы уақыт аралығында Алматыда мопедтердің қатысуымен 301 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде үш адам қаза тапты, – дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Жеңіл көлік иелері бар жылдамдықпен жүріп, аяқ астынан пайда болып, жол ержесін өрескел бұзатын мопедшілерге ызалы. Олардың айтуынша, мопед жүргізушілері жолдағы машиналардың арасымен жүріп келе жатып, бұрылыста көлікке соқтығысады. 

 Пандемиядан кейін мопедшілердің қатары артты. Курьерлік жұмысты істейтіндер бар. Олардың көпшілігі жастар болғандықтан  жол ережесін бұзады. Бағдаршамның сары түсі жанса, өтіп кетеді. Көліктердің ортасымен жүріп, қысылып қалады. Аяқ астынан артыңнан пайда болып бұрылып кеткенде, соғып аламын ба деп қорқасың. Олар өздерінің өмірлерін ойламай ма деп кейде ойланамын. Көпшілігі нөмірін тіркемегеніне қарап, әлі күнге жүргізуші күәлігі жоқ-ау деген ойға келемін. Сол себептен жол ережесін білмейді, – дейді Жанболат есімді көлік жүргізушісі. 

Ал қала тұрғындары курьердің жылдам келгенінің жақсы екенін, дегенмен мопедшілердің қағып кетсе де, кешірім сұрамастан, қашып кететін жағдайлары болғанын атап өтті. 

Алматыда мопедшілердің қатысумен 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
скрин

Өзіміз курьерлерге тағам немесе заттарды тапсырыс береміз, өте тез әрі жақсы алып келеді. Дегенмен олардың көпшілігі мопед айдағандықтан, жол ережесін бұзып, тапсырысты тез әкелуді ойлайды. Дегенмен алдыңғы айда менің бір танысымды мопед жүргізушісі қағып, кешірім сұрамастан, қашып кеткен. Танысымның екі жерден аяғы сынып, өз ақшасына емделді. Бұдай жағдайлар қалада көп кездеседі. Мопедшілердің көліктердің астына кіріп кетіп жатқанын көреміз. Менің ойымша, оларға да жол ережесін түсіндіру қажет. Сондай-ақ түнде мопедшілердің даусы ұйқымызды бұзып, мазамызды алады. Түнде де жолда жүруді шектеу қажет, – дейді Татьяна Светликова есімді қала тұрғыны.

Мәжіліс депутаттары тиісті заңнамалық өзгерістерді биыл 15 мамыр күні қабылдады. Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қабылданды. Заң жобасында келесі нормалар ұсынылған:

- қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу;

- мопед жүргізушісіне қойылатын талаптарды белгілеу;

- жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;

- жол қауіпсіздігін цифрландыру.

Сонымен қатар заң жобасы күшіне енгеннен кейін жол қозғалысы ережелерін бұзған мопед жүргізушілері автокөлік жүргізушілері секілді жауапқа тартылады. Бұған дейін оларға жол қозғалысының баламалы қатысушылары ретінде тек 2 АЕК (7 384 теңге) айыппұл салынатын.

Алматыда мопедшілер мәселесі биыл да толық шешілмеуі мүмкін. Себебі мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданғаннан соң 6 айдан кейін басталады. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді.

Өзгелердің жаңалығы