Алматыда мемлекеттік пәтерлерді туыстарына арзан бағаға сатқан шенеунік сотталды

11 Тамыз 2023, 04:41
682
Бөлісу:
Алматыда мемлекеттік пәтерлерді туыстарына арзан бағаға сатқан шенеунік сотталды
Фото: архив

«Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» (КҚК) директоры Руджан Байтасов мемлекеттік пәтерлерді туыстары мен таныстарына арзан бағаға сатқаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ orda.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотының іс материалдарына сәйкес, жалпы Байтасов мемлекеттік меншіктегі 23 пәтерді арзан бағаға сатты деп айыпталған. Пәтерлердің жалпы нарықтық құны 754 997 963 теңге болса, олар әдейі төмендетілген бағамен – бар болғаны 366 953 430 теңгеге сатқан.

Мемлекетке келтірілген залал 388 миллион теңге болды.

Байтасовтың заңсыз әрекетінен жалпы құны 754 997 963 теңге болатын «ПКС» ЖШС балансындағы 23 пәтер жалпы сомасы 366 953 430 теңгеге қасақана төмен бағаға сатылған. Осылайша, Байтасовтың қылмыстық әрекеттері ауыр зардаптарға әкеп соқты. Өкіметке 388 044 127 теңге аса ірі залал келтірілді, - делінген үкімде.

15 маусымда аудандық сот Байтасовты қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Байтасов Руджан Қайдарұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, осы бап бойынша Ұлттық Банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері,қызметке, судьяларға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында,азаматтық қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен қатар төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - делінген үкімде.

Алайда жауапкер апелляциялық шағым түсірген. Іс Алматы қалалық сотына жіберілді. Жаңа сот отырысы 15 тамызға белгіленді.

Өзгелердің жаңалығы