Алматыда мемлекеттік органдарға қарсы шағым көбейген

Әкімшілік соттардағы статистика азаматтардың мемлекеттік органдардың шешімдеріне, сот орындаушыларының әрекеттеріне және әлеуметтік сипаттағы мәселелерге қатысты құқықтарын сот арқылы қорғауға жиі жүгінетінін көрсетіп отыр.

Бүгiн 2026, 11:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Ерболат Бекболат Бүгiн 2026, 11:51
Бүгiн 2026, 11:51
98
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ерболат Бекболат

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарына түсетін істер саны соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Бұл туралы сот төрағасы Тұрсынәлі Төлегенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әкімшілік соттарға келіп түсетін талап-арыздардың басым бөлігі мемлекеттік органдардың әрекеттері мен шешімдеріне қатысты.

Сот төрағасының мәліметінше, 2021 жылдан бері әкімшілік соттарға түсетін істер көлемі бірнеше есе өскен.

2021 жылы әкімшілік сотқа 2392 іс түсті. 2022 жылы – 4696, 2023 жылы – 5256, 2024 жылы – 6268 іс қаралды. Бұл көрсеткіштер келіп түсетін істер санының едәуір өскенін көрсетеді, - деді Төлегенов.

Оның сөзінше, әсіресе сот орындаушыларына қатысты даулар айтарлықтай көбейген.

Сот орындаушыларына қатысты шағымдар көбейген

Сот төрағасы сот орындаушыларына байланысты даулар әкімшілік соттардағы ең ауқымды санаттардың біріне айналғанын айтты.

2021 жылы сот орындаушыларына қатысты 1061 талап арыз түсті. 2022 жылы – 1868, 2023 жылы – 2059, 2024 жылы – 2200, ал 2025 жылы 2957 іске жетті. Бұл жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне қатысты шағымдардың айтарлықтай көбейгенін көрсетеді, - деді ол.

Сонымен қатар тұрғындар басқа да әлеуметтік және мүліктік мәселелер бойынша жиі сотқа жүгінетін болған.

Қандай мәселелер бойынша жиі шағымданады?

Тұрсынәлі Төлегеновтің айтуынша, әкімшілік соттарда жасыл аймақтарға қатысты даулар, тұрғын үй беру, қызметтік пәтерді жекешелендіру құқығы және жер даулары бойынша істер де көбейіп жатыр.

Сонымен қатар салық даулары бойынша да істер саны артып келеді, - деді сот төрағасы.

Оның мәліметінше, салық даулары бойынша талаптардың қанағаттандырылу деңгейі жоғары.

Салық даулары бойынша талаптарды қанағаттандыру көрсеткіші шамамен 62-68%, - деді ол.

Ал сот орындаушыларына қатысты талаптар бойынша бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.

Сот орындаушыларына қатысты талаптарды қанағаттандыру деңгейі ең төмен көрсеткіштердің бірі – шамамен 30-35%, - деп нақтылады Төлегенов.

Мемлекеттік органдарға қарсы талаптар артып жатыр

Сот статистикасы тұрғындардың жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен жиі келіспейтінін көрсетеді.

Статистика негізінен жергілікті атқарушы билік органдарына қарсы талап-арыздардың өсіп жатқанын көрсетеді, - деді Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 16 нотариус лицензиясынан айырылды: Халықтың шағымы неге көбейді? 

Наверх