Алматыда көше жарығы мәселелерін реттейтін штат ұлғайтылды

24 Қазан 2023, 15:33
473
Бөлісу:
Алматыда көше жарығы мәселелерін реттейтін штат ұлғайтылды
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда көше жарығына байланысты мәселелерді жою үшін техникалық қызметкерлер штаты ұлғайтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша жергілікті учаскелерде жұмыс істеу үшін 20 адамнан тұратын алғашқы бригада жиналды. «Алматы Қала Жарық» (АҚЖ) мамандары көшені жарықтандыру проблемаларын жою үшін желіге шықты. Олар жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған: бас киім, арнайы киім, монтаждық белдіктер, арнайы аяқ киім.

Сонымен қатар кешенді жұмыстарды орындау үшін бригадалар электр жұмыстарына, кабельдік желілер мен шамдарға сынақ жүргізуге арналған арнайы құралдармен жабдықталған. Қызметкерлердің барлық құрамы қауіпсіздік техникасы бойынша сертификатталған оқытудан өтті.

Алматыда көше жарығы мәселелерін реттейтін штат ұлғайтылды

Бұрын АҚЖ құрылымында техникалық қызмет көрсету мамандары болмаған. Өйткені бұл жұмысты жеке серіктес атқарды. Бірақ «Алматы Қала Жарық» МЖӘ шартының талаптарын орындамау жөніндегі сот талқылауларына байланысты көшелерді жарықтандыру мәселелерін жеке әрі жедел пысықтамақ. 2022 жылдың басынан бері жарыққа байланысты шағымдардың саны 2 есеге артып, 20 мың өтініштен асты.

Қала бойынша жағдайды жақсарту үшін сыртқы жарықтандыру желілері аудан әкімдіктеріне көшеді. 

Қазір Алмалы ауданы әкімінің аппаратымен шарт жасалды. Тұрғындардан өтінімдерді орындау уақыты қысқарды. Егер бұрын бұл 30 күнге дейін созылса, онда техниктердің арнайы жұмыстарының арқасында өңдеу уақыты 5 күнге дейін қысқарады.

Жұмысқа қабылдаудың бірінші кезеңінде 20 адам іріктелді. Жыл соңына дейін техниктердің санын кемінде үш есеге арттыру жоспарлануда. Мамандар жұмысты жергілікті учаскелерден бастайды, ары қарай жұмыс аумағы кеңеймек. Жаңартылған топтар жарықтандыру тіректерін орнатуға арналған гидравликалық көтергіштер мен манипулятор сияқты арнайы техникамен жабдықталған.

Өзгелердің жаңалығы