Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаладағы бос тұрған коммерциялық нысандардың көбеюіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары тұтынушылардың әдеті өзгеріп, бұл көше бойындағы сауда орындарына қатты әсер еткен.
"Адамдар енді бутиктерге емес, сауда орталықтарына барады"
Лукьяненко бұрын адамдар белгілі бір көшедегі нақты дүкенге арнайы баратын болса, қазір жағдай өзгергенін айтады.
Қазір адамдарға сауда орталығына барған ыңғайлы. Өйткені онда тамақтанатын орын бар, балаларды қалдыруға болады және бірден бірнеше дүкенді аралап шығуға мүмкіндік бар, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, осыған байланысты street retail, яғни көше бойындағы шағын коммерциялық нысандар соңғы 10 жылға жуық уақыт ішінде құлдырай бастаған.
Ең қымбат коммерциялық нысандар қайда орналасқан?
Сарапшының айтуынша, бүгінде ең сұранысқа ие әрі ең қымбат коммерциялық жылжымайтын мүлік – бірінші қабатта орналасқан, көлік жүретін көшелердегі сауда-офистік ғимараттар.
Алайда мұнда да басты мәселе – тұрақ пен кіреберіс жолдардың болуы.
Егер кәсіп ашу үшін бірінші қабаттан орын сатып алғыңыз немесе жалдағыңыз келсе, ең алдымен автотұрақ пен ыңғайлы жолға қарайсыз, – деді Лукьяненко.
"Көшедегі коммерция "өлді"
Нина Лукьяненко қаладағы көлік логистикасының өзгеруі де бизнеске әсер етіп жатқанын айтты. Мысал ретінде ол Алматыдағы Желтоқсан көшесін келтірді.
Көшенің екі жағына автобус жолағын жасады. Соның салдарынан ол жақтағы коммерция өлген, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістер кәсіпкерлердің сол аудандардағы нысандарға қызығушылығын төмендетіп, кейбір ғимараттардың бос қалуына алып келеді.
Бос тұрған нысандар көбейіп жатыр
Лукьяненко коммерциялық жылжымайтын мүлік бизнес жүргізу үшін бәрібір қажет болып қала беретінін айтады. Бірақ қазір ғимараттың бағасы мен жалдау құнын анықтағанда көптеген фактор ескеріледі.
Атап айтқанда:
- ауданның ерекшелігі;
- қаланың даму жоспары;
- жолайрықтар құрылысы;
- көлік ағыны;
- тұрақ мәселесі.
Сарапшының сөзінше, осы факторлар дұрыс есептелмесе, нысан бос қалып қоюы мүмкін.
Депозиттердің жоғары пайызы да нарықты тежеп отыр
Нина Лукьяненко бұрын артық ақшасы бар адамдар коммерциялық жылжымайтын мүлікке белсенді инвестиция салғанын айтты.
Бұл пассив табыс көзі саналатын. Адамдар құрылыс компаниясынан жөндеусіз нысан сатып алып, оны жалға беретін. Жалға алушы өзі жөндеу жасап, ұзақ уақытқа қалып қоятын, – деді ол.
Алайда қазір жағдай өзгерген.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан банктеріндегі депозит мөлшерлемелері 20 пайызға дейін жеткендіктен, кей инвесторлар үшін ақша салымын банкте сақтау тиімдірек болып кеткен.
Сондықтан қазір жылжымайтын мүлікке ақша құю әрдайым тиімді емес. Бұл да нарықты тежеп, мәмілелер санын азайтып отыр, – деді Лукьяненко.
Қандай нысандар сұраныста?
Сарапшы коммерциялық жылжымайтын мүлік таңдауда ең маңыздысы – орналасқан жері екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жертөле немесе цоколь қабаттарындағы нысандарға қарағанда, сауда-офистік форматтағы ғимараттарға сұраныс жоғары.
Сауда-кеңселік нысандар тиімді, өйткені оларды әрі офис, әрі сауда орны ретінде пайдалануға болады. Сондықтан мұндай орындарға жалға алушы табу оңайырақ, – деп түйіндеді Нина Лукьяненко.