Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші тұрақтанды

22 Шілде 2020, 16:36
1586
Бөлісу:
Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші тұрақтанды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров онлайн брифинг барысында айтты.

Алматы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші тұрақтанды. Қазіргі уақытқа дейін 9 634 адам вирус жұқтырған. Соңғы тәулікте вирус жұқтырған 241 адам тіркелді. Емделіп шыққандар саны 5 667 адам. Бүгін 179 науқас жазылып шықты. Қауіпті індеттен қайтыс болғандар саны 73, - дейді Надыров. 

Оның айтуынша, үй жағдайында емделіп жатқан 2 446 науқас дәрігерлердің бақылауында екен. Оның ішінде ауру белгісі білінбегендер саны 1 762 адам. Симптомы барлар - 684 науқас. 

Сондай-ақ, Надыров науқастарға арналған төсек-орын 6 мыңға дейін артқанын жеткізді. Наурыз кезінде 500 төсек-орын тағайындалса, шілде айында 6 000 орын әзірленген. Бұл көрсеткіш қыркүйек айында 7 780-ге дейін жетпек. 

Коронавирус жұқтырғандарды емдеуге 26 медицина ұйымы тартылған және 4 464 медицина қызметкері жұмылдырылды. Тағы 1526 кадр резевте тұр. Қазір қалада терапевт, пульмонолог, анестезиолог, инфекционист сияқты мамандар жетіспейді. Осыған байланысты медицина жұмысшыларын жұмысқа алуды жалғастырып жатырмыз. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша онлайн курстар өткізіліп жатыр, - деді ол.
Сөз арасында ол қазір денсаулық сақтау саласы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.
Дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндердің саны да жоғары. Қаралып жатқан науқастардың 27% қала сыртында тұратындар. 60 мың науқастың медициналық мекемеде тіркеуі жоқ, бірақ қалада тұрады, - дейді Надыров. 
Сондай-ақ, басқарма басшысы коронавируспен қатар пневмониямен де ауруханаға түсіп жатқандар көп екенін жеткізді. 
Жыл басынан бері 6 175 науқас пневмониядан жазылып шыққан. Коронавирустың таралуы жоғарылаған кезде тәулігіне 300 науқас пневмониямен түссе, қазір тәулігіне 133 адам жүгінуде. Одан бөлек амбулаториялық бөлімге жүгінетін науқастардың да саны 2 есе төмендеген. Яғни, бұған дейін тәулігіне 1 мың адам жүгінсе, қазір ол 480 дейін төмендеген. Статистика көрсеткендей, пневмониямен ауырғандардың 60 пайызы әйелдер, 40% ер адамдар, - дейді ол. 

Сондай-ақ, қалада жедел жәрдем қызметін шақыру да төмендеген. Маусымның аяғы мен шілде айының басында күніне 3 мыңға дейін шақырту болса, қазір ол 800-1000-нан аспайды екен.

Өзгелердің жаңалығы