Алматыда курьерлік жеткізу қызметі барысында жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде заңсыз айналымда болған азот тотығының (халық арасында "көңіл көтеретін газ" деп аталады) ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері азот тотығы құйылған баллонды тасымалдап жүрген курьерді ұстаған.
Тергеу барысында полицейлер жеткізу тізбегін анықтап, тыйым салынған заттың ірі партиясы сақталған қоймаға шыққан.
Жүргізілген арнайы іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан әртүрлі көлемдегі 685 баллон, сондай-ақ оларды толтыруға арналған арнайы жабдық тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта полиция заңсыз күшті әсер ететін заттың айналымын ұйымдастыруға қатысы бар барлық тұлғаларды, сондай-ақ оны жеткізу және өткізу арналарының толық тізбегін анықтап жатыр.