Алматыдағы «Маяк» қалалық көлінде балық аулап отырған тұрғын күтпеген олжаға тап болды. Оның қармағына балық емес, ішінде оқ-дәрілері бар сөмке ілінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға кешкі сағат 17:30 шамасында Түрксіб ауданында болған. Бұл туралы «102» арнасына хабарлама түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам көлде балық аулап отырған. Қармағын суға тастағаннан кейін ілгектің ауыр затқа ілінгенін байқайды. Біраздан соң ол судан сөмке шығарып алған.
Сөмкені ашқан кезде оның ішінен патрондар табылған. Оқиға орнына Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы дереу жетіп, оқ-дәрілерді тәркілеген.
Қазіргі уақытта табылған патрондарға баллистикалық сараптама тағайындалды. Мамандар олардың шығу тегі мен кімге тиесілі болғанын анықтайды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.