Алматыда қанша адам АӘК-пен қамтылғаны айтылды

31 Тамыз 2021, 17:01
9168
Бөлісу:
Алматыда қанша адам АӘК-пен қамтылғаны айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 2021 жылдың 7 айында 55 мың адам әлеуметтік төлемнің 17 түрімен қамтылды. Қолдаудың бір түрі – атаулы әлеуметтік көмек. 

Бұл туралы Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева онлайн брифингте айтты.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-sнан (27 112 теңге) аспайтын отбасыларға төленеді.

АӘК-тің негізгі алушылары – балалы отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлерге, мүгедектерге және басқа да мұқтаж жандарға қарайтын отбасылар. АӘК міндеті – жұмысқа орналасу және қиын өмірлік жағдайдан шығу. Сондықтан олар жұмыспен қамту орталығына жіберіледі. Бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді басқарма басшысы. 
2021 жылдың 7 айында АӘК Алматы қаласының 22,7 мың аз қамтылған азаматтарына 1,1 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. 
2020 жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар АӘК алушыларға гигиеналық құралдар, тұрмыстық химия мен балалар тағамдары кіретін кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Жоба Magnum сауда желілері арқылы жүзеге асады. Келісімшарт сомасы 8 656 баланы қамтамасыз ету үшін 607 млн теңгені құрайды. Бүгінде 5,5 мың бала қамтамасыз етілді, - дейді Н. Тоғызбаева. 
Сонымен қатар АӘК алушыларына теледидар мен газ жабдығы беріліпті. Тағы 27 мың адамға 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемнің басқа түрлері ұсынылған. 

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедек балалары бар отбасыларға қайырымдылық көмек көрсету үшін демеуші, меценаттармен белсенді жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

Жыл басынан бері 127 867 отбасы қайырымдылық көмекпен қамтылды. Оларға киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, ыстық тамақ, мүгедек арбалары, спорт клубтарына жазылу және тағы басқалар берілді, - деді Тоғызбаева.
Айта кетейік, Алматыда жас түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жоба іске асып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы