Алматыда Кәміл Муллашевтің «Уақыт үні» атты жеке көрмесі ашылды

8 Қыркүйек 2022, 16:28
1779
Бөлісу:
Алматыда Кәміл Муллашевтің «Уақыт үні» атты жеке көрмесі ашылды
Фото: автордан

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері және Татарстанның Халық суретшісі, Қазақстан және Татарстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Кәміл Муллашевтің «Уақыт үні» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме 7 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кәміл Муллашев – Қазақстанда және шетелде белгілі әрі танымал суретші. Оның шығармашылығы Қазақстанның өнер тарихында көрнекті орын алады. Көрме «Уақыт үні» деп аталады. Уақыт – суретші шығармашылығының негізгі символы. Өйткені Кәміл МуллашевтІң есімін 1978 жылы Третьяков галереясынан сатып алынған «Жер және уақыт. Қазақстан» үштігі танымал қылған. Үштіктің алғашқы нұсқасы Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде темперамен орындалған болатын. Содан бері стилі мен тақырыбын өзгерте отырып, ол өзінің жұмысына қайта-қайта назар аударады.

Алматыда Кәміл Муллашевтің «Уақыт үні» атты жеке көрмесі ашылды

Көрмеде оның әр кезеңдегі туындылары ұсынылса да, соның ішінде соңғы 5-6 жылдағы жұмыстары маңыздырақ. Суретші бірнеше елде, ірі музейлерде, жеке галереяларда өткен көптеген көрменің қатысушысы. Жеке көрмесінің саны – 26. 

Оның шығармаларының идеялары мен бейнелері, мейлі ол бұрынғы жылдардағы немесе осы көрмеде ұсынылған туындылар болсын, әрқашан өз заманының көркемдік процестерімен байланысты. Суретші жұмыстарының бүгінге дейін сақталған маңызды қасиеттерінің бірі – уақытты сезіну және түсіну қабілеті. Автор шығармаларында уақыт жаршысын көбірек арқау етеді.

 «Жасым сексенге жақындаса да, мен күнде он сағат шамасында жұмыс істеймін. Неге десеңіз іште толқын пайда болып, жүрек тебіреніп, іште ой-сезім болғаннан кейін осынша жасыма қарамай, қартайсам да, бел ауырса да, қылқалам ұстап қолыңды көтеруге күш табылады», – деді суретші Кәміл Мулашев.

Бүкіл адамзатқа әсер еткен соңғы тақырыптардың бірі – Covid-19, суретшіні де алаңдатады. «Covid-19» 2021, «Өмір үшін күрес» 2021, «Сау бол» 2021 картиналары – қатерлі ноталарға қарамастан, сәндік мәнермен жасалған. 

Алматыда Кәміл Муллашевтің «Уақыт үні» атты жеке көрмесі ашылды

Муллашев – өз жұмысында маңызды міндеттер қоятын қазіргі заманғы шеберлердің бірі. Оның суреттері – адам өмірінің құндылықтары, руханият туралы. Суретшінің стилі таза реалистіктен сәндік-дерексіз және мағынасыз формаларға дейін өзгеруі мүмкін, бірақ кез келген шығармасында «Муллашевтің» креативтік бастамасы сезіледі. 

Кәміл Муллашев 1944 жылы Үрімші қаласында (ҚХР) дүниеге келді. Ол Н.В. Гоголь Алматы көркемсурет училищесін (1967) және В.И. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік өнер институтын,  КСРО Халық суретшісі Т. Салаховтың шеберханасын (1978) бітірген. 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2003 жылы «Татарстан Республикасының Халық суретшісі» атағын алды. Ғабдолла Тоқай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресей көркемөнер Академиясының Құрметті академигі, Қытай жоғары оқу орындарының құрметті профессоры. Астана қаласы Мемлекеттік өнер университетінің профессоры.
 

Өзгелердің жаңалығы