Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов басқарушы директор Кристалина Георгиева бастаған ХВҚ делегациясымен бірлесіп, Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдерінде әлеуетті дамыту жөніндегі Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шараға аймақтағы және әлем елдеріндегі орталық банктердің, халықаралық қаржы ұйымдары мен бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алматыдағы өңірлік орталық ХВҚ-ның әлемдегі әлеуетін дамытатын 17-орталыққа айналды. Орталық төңіректегі тоғыз елде: Арменияда, Әзербайжан мен Грузияда, Қазақстанда, Қырғыз Республикасы мен Моңғолияда, Тәжікстанда және Түрікменстан мен Өзбекстанда ХВҚ қызметі үйлестіреді.
Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығының ресми ашылу салтанатынына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысып сөз сөйледі.
Бұл – біздің қаламыздың елдермен, олардың экономикалары арасындағы ынтымақтастығын көрсететін маңызды оқиға. ХВҚ мен Қазақстан Ұлттық банкінің бірлескен күш-жігері Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия өңірі үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығын ойдағыдай құруға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берді. Бұл үдеріс 2020 жылдың желтоқсанында пандемия жағдайында, тиісті келісім-хатқа қол қойылған кезде басталды. Маған динамикалық және прогрессивті көзқарасымыздың дәлелі болып табылатын осы орталықты құруға белсенді түрде үлес қосу мүмкіндігі берілді,- деді Досаев.
Сондай-ақ ол өңірлік орталықтың бүгінгі ашылуы оған қатысушы елдер арасындағы әлеуетті дамытуға және білім алмасуға ықпал ететін, сондай-ақ өңірдегі орнықты экономикалық өсу мен қаржылық тұрақтылыққа ықпал ететін өңірлік ынтымақтастық жөніндегі біздің күш-жігеріміздегі маңызды кезең болатынын айтып өтті.
Алматыда өмір сүру сапасын жақсарту және дамыту үшін нақты белгіленген стратегиялар бар. Өзінің жайлы орналасуымен, дамыған инфрақұрылымымен және бизнеске қолайлы ортасымен біздің қала сауда, инвестиция және ынтымақтастық үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Біз Алматының әлеуетін жаңа мүмкіндіктер ретінде зерттеу үшін Кавказ, Орталық Азия және Моңғолиядан келген кәсіпорындарды, инвесторлар мен кәсіпкерлерді құптаймыз, - деді Досаев.
Өңірлік орталықты Қазақстанда орналастыру туралы шешімді ХВҚ 2019 жылдың қазан айында Қазақстаннан, Өзбекстаннан және Грузиядан түскен өтінімдерді қарағаннан кейін қабылдады.
Орталықтың қызметі құзыретті жетілдіруге, тәжірибе алмасуға, мемлекеттік басқару, бюджет пен ақша-кредит саясаты, қаржы секторын дамыту саласындағы әлемдік үздік тәжірибелерді зерделеуге және қолдануға бағытталады.
ХВҚ өңірлік орталығын Алматыда ашу Қазақстан мен ХВҚ арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың жемісіболып саналады.