Алматыда газбен жүретін автобустарды жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі күрделене түсті. Соңғы екі тәулікте бірден төрт газ құю станциясы істен шығып, жұмыс істеп тұрған бекеттерде ұзын-сонар кезек пайда болған. Салдарынан қоғамдық көлік қозғалысына да әсер ете бастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тараған ақпаратқа сәйкес, кеше КАП-3 аумағындағы автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы (АГТКС) мен «Бату» коммерциялық жанармай құю бекеті жұмысын тоқтатқан. Ал бүгін Көкжиек ықшамауданындағы газ құю станциясы істен шығып, Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшесінің қиылысындағы АГТКС толық жабылған.
Қазіргі уақытта қалада небәрі төрт газ құю станциясы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде КАП-2 аумағындағы бекет тек «АлматыЭлектроТранс» компаниясының автобустарына қызмет көрсетеді. Жекеменшік тасымалдаушылар бұл станцияны пайдалана алмайды.
Барлық тасымалдаушылар үшін ашық қалған үш бекет:
-
КАП-1 маңындағы газ құю станциясы;
-
Райымбек даңғылы мен Момышұлы көшесінің қиылысындағы АГТКС;
-
Өтепов көшесі мен Розыбакиев көшесінің қиылысындағы АГТКС.
Газ құю бекеттерінің істен шығуына байланысты бірқатар бағыттарда автобустардың желіге шығуы қысқарып, қозғалыс аралығы ұзаруы мүмкін. Әсіресе жекеменшік тасымалдаушылар қызмет көрсететін бағыттарда қоғамдық көліктің уақытша мүлде шықпай қалу қаупі бар.
Тапшылықтың орнын толтыру үшін «АлматыЭлектроТранс» өз бағыттарына қосымша электробустар шығарған.
Кейінірек Көкжиек ауданындағы АГНКС-те орын алған техникалық ақау жедел түрде жойылып, станция қайта жұмысын бастағаны белгілі болды. Бұл қалған газ құю бекеттеріне түсетін жүктемені біршама азайтқанымен, Алматыдағы газбен жүретін қоғамдық көлікті жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Еске салайық, бұған дейін де Алматыда ондаған автобус жанармай бекетінде кезекте тұрғанын, салдарынан көшеде ұзын-сонар кептеліс пайда болғанын жазған едік.