Алматыда Райымбек даңғылы бойында ондаған автобус ұзын-сонар кезекке тұрғаны байқалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қоғамдық көліктер 28 шілдеден бері бір жолақ бойына тізіліп тұрғанын көруге болады. Автобустар жолдың бір қатарын алып, салдарынан кептеліс көбейді.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Кейінірек жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілді.
Мәліметке сәйкес, коммуналдық №3 автобус паркінің («Алматыэлектротранс» ЖШС) базасы маңындағы автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясында техникалық ақау шыққан. Сондай-ақ БАТУ автобус паркінің жанындағы газ құю станциясы да істен шыққан.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Осының салдарынан газбен жүретін автобустар жанармай құю үшін ұзақ кезек күтуге мәжбүр болған. Нәтижесінде бірқатар бағыттарда желіге шығатын автобустар саны күрт азайған. Кейбір маршруттарда небәрі 4-8 автобус, ал жекелеген бағыттарда 5-10 автобус қана қатынап жатыр.
Сол себепті қаладағы бірқатар автобус маршруттарының қозғалыс интервалы уақытша ұлғайып, жолаушылар қоғамдық көлікті әдеттегіден ұзақ күтуіне тура келген.
Фото: Threads
Қала тұрғындары мен қонақтарынан қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарау сұралды. Жауапты кәсіпорындар мен техникалық қызметтер газ құю станцияларындағы ақауды жою және автобустардың толық құрамда желіге шығуын қалпына келтіру үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп жатқанын мәлімдеді.