Алматыда екі жаңа жастар саябағы пайда болады

8 Қыркүйек 2022, 15:25
1459
Бөлісу:
Алматыда екі жаңа жастар саябағы пайда болады

Жетісу ауданының қауіпсіздігі мен абаттандыру мәселесі қашанда өзекті. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қыркүйек айында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 597 бейнебақылау камерасы орнатыла бастады. Дені білім беру мекемелерінің жанында, саябақтар мен скверлер аумағында, аулалар мен жол қиылыстарында қойылады. 

«Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 8 жоба жүзеге асты. 3 аулада, 2 саябақта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Құлагердегі Арбатты балалар ойын кешендерімен жарақтандыру аяқталды, 2 жаңа жаяу жүргіншілер аймағы құрылды. Тағы 13 жоба қазан айының соңына дейін аяқталады. Жұмыс кентінде 2 жаңа жағалау, жаңа демалыс аймағы салынады және жаңа балалар алаңдары орнатылған 9 аула жөнделеді. 

Қазіргі күрделі жөндеу жұмыстары аясында қараша айында жалпы ұзындығы 1,6 км болатын тағы 2 жағалау пайда болады. Мамыр айында өткен кездесуде Айнабұлақ-1, Айнабұлақ-3 және Құлагер шағын ауданындағы 2 гүл бақты жөндеу мәселесі көтерілген еді. Тұрғындар сығырайған жарық пен суару жүйесінің жоқтығына шағымданды. 

Қазір шағын аудандардағы гүл бақтарды жөндеу жұмысы аяқталса, Гүлдер саябағында жұмыс жалғасып жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін Құлагер шағын ауданындағы гүл бақтың жұмысы аяқталады. 

Қараша айының соңына дейін екі жаңа жастар саябағы ашылады, біреуі Рысқұлов-Сүйінбай даңғылының қиылысындағы көпірдің астында, екіншісі Айнабұлақ-1 шағын ауданында. 

Қараша айында Көкжиек шағын ауданындағы 2 жаяу жүргіншілер аймағының құрылысы мен Айнабұлақ шағын ауданында ұзындығы 1300 метр Жұмабаев көшесіндегі құрылыс аяқталады. 

Бұрын бірде-бір саябақ болмаған Кемел шағын ауданындағы саябақты абаттандыру тамыз айында басталды. Жұмысты 2023 жылдың II тоқсанына аяқтау жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы