Алматыда дүниеге келген үшем аман-есен үйлеріне шығарылды

13 Шілде 2021, 16:12
2973
Бөлісу:
Алматыда дүниеге келген үшем аман-есен үйлеріне шығарылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда дүниеге келген нәрестелердің денсаулығы тұрақталып, үйлеріне шығарылды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

2021 жылы 26 мамыр күні Алматы қалалық Перинаталдық орталығының дәрігерлері 24 жастағы аяғы ауыр келіншекті қабылдап, түскі уақытта үшемді босандырып алды. Сәбилер мерзімінен бұрын 910 грамм, 930 грамм және 980 грамм аралығында шала туған, бірақ дәрігерлер осы үш қыздың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасапты.

Дүниеге келген үшем реанимация бөлімшесінде жатқызылды. Реанимациядан кейін қарқынды терапия бөлімшесінде ем алды. Күту кезеңі оң динамикасын көрсеткен соң жаңа туған нәрестелердің жағдайы тұрақталып, жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта босанған әйелдің және 3 қыздың жағдайы қанағаттанарлық. Жас ана мен үшемдер 47 күннен кейін Перинаталдық орталықтан үйлеріне шығарылды. Алдағы уақытта балаларды отбасының тұрғылықты жері бойынша емхананың дәрігерлері қадағалайды, - делінген хабарламада.

Жас ана Айым Сағатбек алғаш үшем екенін білген кезде аздап қорқыныш болғанын айтады.

Сәбилердің жынысы маңызды болмады. Босанғаннан кейін нәрестелерді бірден реанимацияға алып кетті, дәрігерлер өте жақсы қарады. Реанимация бөлімшесінен 10-15 күн аралығында бірінші екі қыз шықты, содан кейін Сезімді шығарды, – деді ол.

Қалалық Перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ботагөз Арынова бір келіге жетпей туған нәрестелердің салмақ қосып, жағдайлары тұрақталғанын жеткізді.

Жалпы, қыздардың денсаулықтары жақсы, сүтті өз беттерімен еміп, қазіргі таңда бірінші нәресте 930 граммен туып, 1935 граммен шығып жатыр. Екіншісі 980 граммен туған, ол 2009 граммен шықты. Үшінші нәрестеміз 910 грам болған, қазір 1730 грам болды, - дейді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы