Алматыда дизельді автобустар газға ауыстырылады

19 Тамыз 2023, 15:12
1083
Бөлісу:
Алматыда дизельді автобустар газға ауыстырылады
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда дизельмен жүретін автобустар жаңартылып жатыр. 21 тамыздан бастап №24 және №125 маршруттардың жылжымалы құрамы жаңартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін №24 маршрутта 6 дизельді автобус жұмыс істеген. Оның орнына енді 12 жаңа газбен жүретін автобус қызмет етеді. Сондай-ақ жолаушылардың сұранысы бойынша бұл бағыт ұзартылды. Ендігі бағыт: Сайын - Момышұлы - Төле би - Розыбақиев - Өжет ықшам ауданына дейін Солтүстік айналма көшесімен жүретін болады.

Алдыңғы маршрут Үлкен Алматы каналы бойымен жүретін. Жаңартудан кейін қозғалыс жиілігі 20 минуттың орнына 12-13 минут болады.

Сонымен қатар №125 маршруттың жылжымалы құрамы толығымен жаңартылады, онда бұрын 6-7 дизельді автобус жүрген болатын. 21 тамыздан бастап осы бағытта 10 жаңа газбен жүретін автобус шығарылады.

Бұған дейін аталған маршруттың жиілігі 40 минут болса, жаңа автобустар шыққаннан бастап жүру жиілігі 15-18 минутқа дейін төмендейді деп жоспарланған. Барлық жаңа автобус орташа сыйымдылықта, он метрлік, едені төмен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жағдайлар қарастырылған. Салқындату жүйесімен және пешпен жабдықталған.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда биыл коммуналдық автопарк 600 газ автобусы мен 100 троллейбус сатып алуды жоспарға енгізген. 100 автобус қалаға келді және құжаттар ресімделгеніне қарай желіге шығарылып жатыр. Қалған автобустарды жыл соңына дейін қалаға жеткізу көзделген.

Өзгелердің жаңалығы